Мемлекеттік органдардың тиімсіз іс-әрекетінен Қазақстан жыл сайын 7 трлн. теңге зиян шегеді. Бүгін стратегиялық зерттеулер форумында CSI консалтинг компаниясының басшысы Олжас Құдайбергенов осындай мәліметті жария етті. Биліктегі бюрократия, жұмысты тиімсіз жоспарлау, білікті маман тапшылығы секілді тақырыптар талқыға түсті.
Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы ең үлкен кемшілігі - бюрократия. Қағазбастылық, жауапкершіліктен жалтару, жайбасарлық. Аталған факторлар мемлекет қолға алған жобалардың жүйелі жүзеге асуына тұсау. Мәселен, жол салу қажет. Игі іске бюджеттен қаржы бөлмек керек. Қаражат мемлекеттік органдардың кабинетін аралап, көшедегі жолға жеткенше 50 түрлі белестен өтеді екен. Салдарынан жазда төселуі тиіс асфальт қар түсіп, күн суығанда төселіп жататыны жасырын емес.
Олжас Құдайбергенов, CSI аға серіктесі:
- Барлық министрліктер бюрократиялық әрекеттерден зардап шегіп отыр. Қағазбастылық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тиімсіз, жүйесіз жұмыстан келетін шығын жыл сайын 5-тен 7 трилиион теңгеге дейін бағаланып отыр.
«Жүйесіз, жүгенсіз істің соңы игерілмеген қаржы, жүзеге аспаған жоба», - дейді кәсіпкер Марғұлан Сейсембай. Оның ойынша, ұзақмерзімді мемлекеттік бағдарламалар дәуірі келмеске кеткен. Мәселен, екі жылдық бюджет мұнай бағасы құбылған сайын сан мәрте өзгеретінін көз көрді.
Марғұлан Сейсембай, «Сеймар» компаниясының негізін қалаушы:
- Бірінші идеология, екінші денсаулық, үшінші білім. Осы үшеуінсіз ешнәрсеге жете алмаймыз. Экономикада, басқа салада да бәсекеге төтеп бере алмаймыз.
Бұл форум өзгелерден ерекше. Өйткені, мінберге шығып сөз алғандардың бәрі отандық сарапшылар. Демек, елдегі ахуалды күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстап жүр. Білгенін бүкпесіз айтады.
Әлихан Байменов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы:
- Азаматтық қоғамды дамытуда өз орнынан айырылғысы келмейтін ұстанымы бар. Мемлекеттің үлесі тым көп болған қоғам алға жүрмейді. Дамуы тежеліп қалады.
Мемлекет пен қоғамды бір-бірінен бөле-жара қарау қате ұғым. Билік кез келген бастаманы іске асырмас бұрын, халықтың пікірімен санасып, шешім шығарғаны абзал. Бұл - форум қонақтарының ортақ пайымы.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.