ШҚО-да сүт фермасының иесі мен энергетиктер арасында дау туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да сүт фермасының иесі мен энергетиктер арасында дау туды

07.11.2018

Шығыс Қазақстанда жаңа тауарлы сүт фермасының жұмысы басталмай жатып, тоқтап қалды. Сауын сиырларды сатып алып, сүт өндірісімен шұғылданамын деген кәсіпкердің шаруашылығы соңғы бір айдан бері электр қуатынан ажыратылған. Есептеу құрылғысында сыртқы пломба болмағаны үшін энергетиктер тұтынушыға осындай шара қолданып отыр. Сонымен қатар, жарты миллион теңге төлетпек. 

Электр энергиясын беруші және тұтынушы тарап арасындағы дау осы пломбадан басталған. Есептеу құрылғысы сыртындағы бұрынғы пломбаны кім жұлып тастағаны белгісіз. Бірақ сол үшін энергетиктер қайта есептеп, шаруашылықтың қарызы болмаса да, электр қуаты үшін 495 мың теңге төлеуді талап етіп отыр. 

Азамат Каликов, шаруашылықтың басқарушысы:

- Балалар да жұлып алуы мүмкін. Өтіп бара жатып, сиыр да жұлып кетуі мүмкін. Кішкентай бір пломба үшін жарты миллион деген көп. Сол кішкентай пломба үшін қазір бүкіл жұмыс тоқтап тұр.

Алайда, энергетикалық компания өкілдері өз әрекетін заңды деп отыр. Ақша төленбейінше шаруашылыққа тоқ берер емес.  

Ирина Глибина, «ШҚ Аймақтық энергетикалық компания» АҚ басқарушы директоры:

- Электр энергияны тұтынудың ережесіне сәйкес, қайта есептелді. Бұл айыппұл емес. Коммерциялық есептеу құралында пломба болмады. Осы құрал үшін толықтай тұтынушы жауап береді.

Энергетиктердің шешімімен келіспеген шаруашылық басшысы кәсіпкерлер палатасына арызданған. Олар көмектесуге дайын. 

Әлия Мұқышева, өңірлік Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры:

- Біз энергетиктерге барып, сөйлестік. Аудан бойынша комиссия құрып, дұрыстап тексеріңдер дедік. Ешқандай комиссия құрылған жоқ, келген жоқ. Өшіріп отырған энергетиктердікі дұрыс емес, өйткені, сиырлар қазір сауылмай қалды. Сүт жоғалтып жатыр.

150 бас малға шақталған қораны осы саланы жақсы білетін кәсіпкер өз қаражатына салған. Қазір ферма жұмыс істеуге әзір тұр. Іске қосылса, 10 адамды жұмыспен қамти алады.

Жаңа фермаға сиыр саууға арналған апараттар да жеткізілген. Құны 15 миллион теңге. Бір мезетте 6 сиыр саууға арналған, қазір бәрі қосылып, жұмысқа дайын тұр. Тек электр энергиясы жоқ.

Ресейден 128 бас асыл тұқымды сиыр әкелу үшін кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алған. Сонымен қатар, шикізатты өңдеу мақсатында аудан орталығында шағын сүт цехын да алып қойған.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу