Отандық медицина тарихында қалатын тағы бір оқиға болды. Астанадағы №2 көпбейінді ауруханада 27 жастағы жүкті келіншекке өте күрделі әрі ерекше операция жасалды. Оның 40 см. тоқішегі алынып тасталды. Ауыр дейтініміз, әйелдің құрсағында 7 айлық шарана болған. Мұндайда ана мен баланың өмірін сақтап қалу - үлкен жеңіс болып есептеледі.
Гүлжан ауруханаға өте ауыр халде түседі. Жүктілігінің жетінші айы. Ішінің түйіліп ауырғанын келіншек толғақ деп ойлаған. Алайда, оны тексерген дәрігерлер ішектің бірнеше сантиметрге үлкейіп кеткенін анықтапты.
Гүлжан Маратжанқызы:
- Жүктілігім жеңіл өтті. 7 айда ішім ауырды. Ішім ауырып жатқызбайтын. Дәрігерлерге алғысым шексіз. Қызымның да, өзімнің де жағдайым жақсы.
Гүлжанға қазанның 16-і күні Гартман операциясы жасалды. Ерекше ота түрі бұрын-соңды жүкті әйелдерге орындалмаған. Диаметрі 5 см. тоқ ішек 15 см-ге дейін үлкейіп, 180 градусқа бұралып кеткен. Хирургтар шаранаға зиян келтірмей, 40 см. ішекті алып тастады. Ал, 22 қазан күні Гүлжан өзі босанды. Шала туған сәби инкубаторда өсіп жатыр.
Нұрбол Тұрсынбаев, №2 көпбейінді аурухана Бас дәрігерінің орынбасары:
- Ішектің жүрмей қалуы 32 аптада туабіткен тоқ ішектің ауруы болған. Ол қыздың өзінен сұрасақ, 4-5 күн үлкен дәретке шықпай жүре берген көрінеді. Өзінің ауруын жасырған. Себебі, бір жұмаға дейін үлкен дәретке бармау қалыпты жағдай дейді. Емханадағы дәрігерлерге айтпауы мүмкін. Айтқанда, басқа ем жасайтын еді.
Дәрігерлер бұл ерекше операцияны медициналық университеттің оқулығына енгізуді ұсынып отыр. «Болашақ акушер-хирургтар мұндай қиын ота жасауға дайын болуы керек», - дейді олар. Себебі, соңғы кездері тоқ ішек дертіне шалдыққан науқастар көбейген.
Дәрігерлерді тұрғындардың өз денсаулығына селсоқ қарайтындары алаңдатады. Соңғы уақыттары ауруы асқынып, өлімші жағдайға жеткенше жүре беретіндер көбейген. Сол себепті, мамандар барлық жұртшылыққа өз денсаулықтарына аса көңіл беруді сұрайды.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.