«Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. «Адами капитал - жаңғыру негізі» атты форум қатысушыларына жолдаған Елбасының құттықтауында осылай делінген.
Бұл салтанатты жиын. 40-қа жуық елдің 200-ге тарта университетінен ғалым, профессорлар форумға арнайы келген. Мерейтойға орай Елбасы құттықтауын жолдады. Оны Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова оқып берді.
Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Құрметті достар! Сіздерді «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығымен құттықтаймын. Ширек ғасырдан бері еліміздің талантты жастарына қолдау көрсетіп келе жатқан «Болашақ» стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды. Форумға қатысушыларға әлемдік трендті талқылап, әрдайым жаңа жол тауып, биік белестерді игеруге шақырамын. Баршаңызға мол табыс пен сәттілік тілеймін.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ширек ғасырда «Болашақтың» шарапатын көргендер көп. 25 жылда 13 мыңнан астам стипендия тағайындалған. 10 мыңнан астам жас шетелде оқуын тәмамдап, осы күндері елде жемісті еңбек етіп жүр.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Бітірушілердің 53 проценті гуманитарлық мамандық, 37 инженерлік-техникалық, 7 проценті медициналық және 2 проценті шығармашылық мамандық бойынша оқуларын аяқтады. 45 проценттен астамы Ұлыбритания мен Ирландияда, 25 проценті АҚШ пен Канадада, 15 проценті Еуропа елдерінде, 8 проценті Ресейде және 7 проценті Азия елдерінде білім алды.
Форум аясында «Халықаралық білім көрмесі» ұйымдастырылды. Онда әлемнің озық оқу орындары жайлы толық мәлімет алуға жағдай жасалған. «Халықаралық білім көрмесі» бүгін-ертең Атырауда, қарашаның 14 мен 16-сы аралығында Шымкентте, ал, 17-сі күні Алматы қаласында өтеді.
Досымжан ЕРМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.