Қазір жұмыс істеп жүрген көпшілік үшін осы сауал көкейкесті. Себебі, елімізде жыл сайын зейнетақы төлеу тәртібі түрленіп, зейнетке шығу жасы ұлғайып келеді. Нақтырақ, әйелдердің зейнет жасы жыл сайын 6 айға өсіп, 2027 жылға қарай 63 жасқа дейін жетеді. Яғни, ерлер мен әйелдердің зейнетке шығуы теңеспек. Осы орайда, көп адам зейнетақы қорындағы ақшаны уақытынан бұрын шешіп алуды ойластырып жатқаны шындық. Жалпы, зейнетақыны біржолата алу мүмкін бе?! Егер салымшы қайтыс болған жағдайда оның жинаған жарнасы қайда кетеді?!
Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
- Ел арасында зейнетақы қорындағы қыруар қаражат талан-таражға түсіпті деген алыпқашпа әңгімеден кейін көпшіліктің «зейнетке шыққанда жинаған ақшамды ала алам ба?» деген күмәні күшейгені рас. Тіпті, жастар да қазірден зейнеттегі өмірін ойлай бастады. Қазақстан азаматы ретінде бұл мәселе мені де мазалайды. Ендеше, бәріміз үшін өзекті сұрақтардың жауабын қордан сұрайық.
Әртүрлі компанияда еңбек еткен адамның жалақысына сайын, жарна да сан қилы. Неғұрлым жарна көп болған сай, ай сайынғы зейнетақы төлемдері соғұрлым жоғары болмақ.
Қазір Сіз бен бізге ерік берсе, көбіміз зейнетақы қорындағы ақшаны біржола алуға әзірміз. Алайда, оған заң шектеу қояды. Тек азаматтығын ауыстырып, басқа елге қоныс аударған жағдайда ғана ақшаны алуға құқық береді. Сондай-ақ, 1,2 топтағы мүгедектердің мүгедектігі мерзімсіз болып танылғанда, ақшаны толық болмаса да, ерте алуға мүмкіндік алады.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ». Оқыс жағдайлар бола қалса, зейнетақы қорындағы ақшаның жайы не болады деген сұрақ та туындайды. Қам жемеңіз, ақша иесіз қалмайды. Сіздің отбасыңыз мұрагер ретінде 6 айдан кейін есепшоттағы ақшаны алуға құқық алады. Ол үшін заңды құжаттарды рәсімдейді.
Есесіне әр азаматтың ерте зейнетке шығуға мүмкіндігі бар. Ол үшін қордағы сомаңыз қомақты болу керек.
Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ қалалық филиалының директоры – басқарушы директор:
- Бізде аннуитетті бағдарлама бар. Сондағы талаптарға сай, әйел адамдар 50 жас 6 айға толған кезде егер зейнетақы қорында 13,5 млн. теңге болса, сақтандыру компаниясына сол соманы аударып, зейнеткерлікке шыға алады. Ер азаматтар 55 жастан асқан кезде 9,5 млн. ақшамен шығу мүмкіндіктері бар.
Шетелдегі зейнетақы жүйесін зерделейтін болсақ, көп елдерде зейнетке шыққан күні иесіне есепшоттағы қаржыны біржолата алуға құқық береді. Оған қарттар жылжымайтын мүлік сатып алады не өз кәсібін ашады. Ал, біздің жағдайда мұның екеуі де мүмкін емес. Бұл бір жағы. Екінші жағы, билік зейнеткерлер жаппай ақшаны алып, оңды-солды жаратып жіберсе, келешекте мемлекетке масыл болып қалмай ма деп алаңдайтын сыңайлы.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.