Бүгін тиісті құжатты Мәжіліс депутаттары бірінші оқылымда қарады. Нәтижесінде еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген жүздеген мың азаматқа қолайлы жағдай жасалады. Құжатты әзірлеу барысында 70-ке жуық түзету түскен. Жалпы, 3 кодекс пен 6 заңға өзгерту мен толықтыру енгізілмек.
Табысынан ешқандай төлем жасамайтындар бар, олар зейнетақы жүйесімен және әлеуметтік қолдау шараларынан қағылған. 800 мыңға жуық жалдамалы жұмыскер еңбек шартынсыз жұмыс істейді және 588 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Оларға қолайлы жағдай жасау үшін қайтпек керек? Тіркеуді жеңілдету үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу қажет. Сессияның ашылуында Президент осы өзгерістерді жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырған еді.
Бірыңғай жиынтық төлем не береді? Міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру, зейнетақымен қамыздандыру жүйелеріне қатысуға, базалық зейнетақы алуға, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алуға мүмкіндік береді. Жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары үшін төрт міндетті төлемді бір төлеммен алмастырады.
Лайым Кесебаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер азаматтың төлейтін ақшасы болмаса, кейінірек төлей ала ма?
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Жарты жылға төлеуге мүмкіндігі бар. Төлемді тоқтатса, статусы тоқтатылады. Оларға тексеру болмайды.
Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер үшін кіріс салығы және әлеуметтік төлемдер бойынша ең төмен ставкалар республикалық маңызы бар қалаларда, Астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш 2 525 теңге, басқа елді мекендерде - 0,5 АЕК, шамамен 1262 теңге деңгейінде белгіленді. Нәтижесінде, 500 мың бейресми жұмыспен қамтылған адамның қызметін формализациялау көзделеді.
Бірыңғай жиынтық төлем коммерицялық жылжымайтын мүлікті жалға беретін адамдарға, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, дара кәсіпкер ретінде тіркелген адамдарға қолданылмайды. Сіз қалада жұмыс істесеңіз де, далада жұмыс істесеңіз де төлем тек тұрғылықты мекенжай бойынша жасалады. 5 жылдық мерзімде жаңа жүйенің тиімділігін байқап көру керек. Бар олқылықтар жойылады. Мәжіліс депутаттары оны бірінші оқылымда мақұлдады.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.