Алматыда әлеуметтік аз қамтылған жандарға тегін тамақ беретін асхана ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әлеуметтік аз қамтылған жандарға тегін тамақ беретін асхана ашылды

15.11.2018

«Уақып» деп аталған тамақтану орны аптаның бес күнінде жұмыс істейді. Асхана Орталық мешіттің бастамасымен және қайырымды азаматтардың ұйытқы болуымен ашылған.

Қоғамдағы қаржылық жағдайы қиын, мұқтаж жандарға арналған асхана күніне 120 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда олардың үш мезгіл тегін ауқаттануына мүмкіндік бар. Қар түсіп, күн суығанда жылы тамақ ішіп, әл жинап алу үшін келгендер мұндай асхананың ашылғанына дән разы.

Сәулетай Әлғожина, қала тұрғыны:

- Тамақты дәмді дайындап жатыр. Қолдан кеспені жасайды. Бәрін қолдан жасап жатыр.

Асханаға келген азаматтарға даяшылар қызмет көрсетеді. Ұйымдастырушылар күніне бір рет кірген адамның екінші қайтара кіруіне де мүмкіндік берген. Олар Орталық мешіт жанындағы «Ықылас» қайырымдылық қорынан алынған арнайы талондар арқылы тамақтана алады.

Ермек Көкірекбаев, қалалық Орталық мешіттің наиб имамы:

- Бір ғана қазақтың азаматы, бір ғана жігіт істеп жатқан шаруа. Демеуші атын айтпауды өтінді. Енді орталық болғаннан кейін келіп-кетім адам көп. Солардың көпшілігі әсіресе, күн суығанда біраз жағдайлары нашарлап, мешітке көмек сұрап келеді.

Асханаға көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар көптеп келеді. Бұл орынның ашылу себебі де сол – жетім-жесір мен жалғызбасты аналар және жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету. Сондықтан, ұйымдастырушылар мұндай игі бастамалар көпке үлгі болады, деп сенеді.  

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу