Бүгін халықаралық темекіден бас тарту күні. Осы күні елордалық студенттер «Никотин орнына витамин» акциясын ұйымдастырды. Жас буын ел ішіндегі темекіге әуес жеткіншектердің саны кемімей тұрғанына алаңдаулы. Сондықтан, кеселмен күресте күллі қоғам күш біріктіруі тиіс. Әр ата-ана, мектептегі ұстаз, әрбір тұрғын темекінің зиянын түсініп, өзгелерге түсіндіруі керек. Сонда ғана нәтиже оң болмақ.
Никотин – ресми сатылатын, қолдануға рұқсат етілген наркотиктің жеңіл түрі. Бұл дәрігерлердің пікірі. Жыл сайын темекі түтіні Жер шарындағы 6 миллион адамның өмірін қияды екен.
Гаухар Бектаева, «Медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығы» бас дәрігерінің орынбасары:
- Бүгінгі қоғамда күнделікті керек зат ретінде қарайтынына көзіміз жетіп отыр. Бұл психо белсенді зат. Негізінен темекіге құштарлықты емдеу өте қиын.
«Никотин орнына витамин». Елордалық колледж студенттері темекіні жеміске айырбастауға үндейді. Бір-біріне витамин ұсынып, көк түтіннің көлеңкелі тұстары жайлы әңгіме өрбітті.
Анастасия Микша, студент:
- Темекі зиян. БІріншіден, иісі жаман. Екіншіден, өкпеге зиян. Үшіншіден, адам ақшаға сатып алады.
Журналист Дархан Әбдік күніне бір қорап шылым шегеді. Оның ойынша, әр адамның қателік жасауға хақысы бар. Сондықтан, күресті темекі түтінімен емес, тұрғындардың тұрмысын түзелтуге кедергі келтіретін кеселдермен жүргізу керек деген пікірде.
Дархан Әбдік, журналист:
- Өмірден мән-мағына көретін адам жарық дүниеге құштар келеді. Уайыммен, қысылып өмір сүретін адамдар болады. Біздегілердің басым көпшілігі осындай адамдар. Ипотека, кредит төлей алмай жүрген адамдар.
Миллиондаған армиясы бар темекі өндірушілердің табысы миллиардтап есептеледі. Адам дүниетанымын қалыптастыруда рөлі зор индустрияның бірі - кино. Кинематография тарихында шылым шегу сценасы жоқ бірде-бір фильм түсірілмепті. Жасырын насихат демеске лаж жоқ. Тіпті, бейкүнә сәбилерге де темекінің өзін сүйкімді етіп көрсеткен мультфильмдер түсірілсе не дейсіз.
Темекі зиян. Оны бәрі біледі. Біле тұра оны қою қиын шаруа. Кейбіреулер темекіні тастаймын деп насыбай атып жүр. Дәрігерлер, «бұл бір уды екіншімен умен айырбастағанмен пара-пар», дейді.
Ғасыр дерті, қоғам індеті туралы Қадыр Мырза Әлі «Еуропа ондаған елдерді отарласа, темекі Еуропаны отарлады» деген екен. Өкінішке қарай, екі тістің ортасына темекі қыстыруға құмар елдердің қатарында қазақстандықтар да көп. Бұл сөзге, әрбір 5-ші отандасымыздың темекіге әуестігі дәлел болса керек.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.