Бүгін төл валютамыз теңге айналымға енген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін төл валютамыз теңге айналымға енген күн

15.11.2018

Бүгін – төл теңгеміздің туған күні. Тура 25 жыл бұрын осы күні айналымға ұлттық валютамыз енгізіліп, егемен еліміз экономикалық тәуелсіздігін алды. Ширек ғасыр ішінде теңгеміз түрленіп, банкнот бейнесі бірнеше рет өзгерді. Ал, нарық заңдылығы теңгемізді талай теңселтті. 1993 жылдан бастап 2018 жылға дейін қазақ ақшасы қалай құбылды? Төл теңгені төрден көруге үміт бар ма?

Мәдина Дәріш, Ұлттық музей кітапанасының ғылыми қызметкері:

- Аспанның көк түсімен, туымен бірдей салынған, біздің ерлігімізді көрсететін шайқастардың, Күлтегіннің бейнесі бейнеленген сапасы жағынан өте көптеген халықаралық конкурстарда орын алған.

Мақтанып, шаттанатын бұл мерекенің маңызы мен мәнін бүгінгі ұрпақ ұғына да бермеуі мүмкін. Тоқырауды көрмеген тәуелсіздік балалары үшін теңгенің тұңғыш келбеті де таңсықтау. Әл-Фараби, Сүйінбай, Жамбыл, Абай сынды бабаларымыз бейнеленген банкноттар олар үшін келмеске кеткен тарих. Ал, аға ұрпақ жаңа елде жаңа экономика құрылған кезеңді ұмытар емес.

Ғалым Байназаров, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы:

- Екі жылда баға 54 есе өсіп кетті. Мұны қуып жетуге ешқандай мүмкіншілік болмады. Бізде ол кезде алтын валюта қоры жоқ болатын. Үкіметте арнаулы қаржы болмады. Бюджеттің жағдайы өте қиын болды. Ақпанның орта кезінде Президент шақырып, менің алдыма осындай мақсат қойды.

Төл валютаны енгізу операциясы бастан-аяқ құпия түрде жүргізілді. 70 жыл бойы рубльге байланған экономиканы азат ету оңай шаруа емес еді. Ақша Ұлыбританияда бастырылғанымен, дизайны толығымен қазақтардікі.

Ғалым Байназаров, Ұлттық банктің алғашқы төрағасы:

- Сол кезде «Қазақстан дизайн орталығы» деген мекеме болған. Мемлекеттік мекеме. Оның басшысы Тимур Бимашұлы Сүлейменов деген жігіт еді. Сол дизайн орталығына «Сіздер жассыздар, біз дизайнды елде жасайық», деп қолқа салдық. Өзіміздің суретшілерді Лондонға жібердік. Олар «Хариссон және оның ұлдары» фабрикасы өнеркәсібінің дизайнерлерімен бірігіп, соны өндіріске енгізу керек болды. Сөйтіп,  1992 жылдың желтоқсанында өндірістік жоба дайын болды.

Дайын банкноттарды елге жеткізу де қиынға соқты. Барлық рейстер Мәскеу арқылы болғандықтан, жобаны жасырын жүзеге асыру үшін арнайы бағыт ашылған. Лондон-Ақтау-Жамбыл. Бір аптада төрт ұшақ төл теңгемізді 18 рейспен елге жеткізді. Кейін банкноттар құпия түрде жерасты қоймасында сақталған. Сөйтіп, көптен күткен күн де келді. Елбасының Жарлығымен қарашаның 15-і таңғы сағат 8-де теңге айналымға енді. 

Ұлттық валюта айналымға енген кезде халық үшін де, нарық үшін құнды еді. 1993 жылы 1 доллар 4 теңге 75 тиын болған еді. Содан бері 25 жылда теңге төменге қарай құлдилай түсті. Әрине, негіз жоқ емес. 1998-1999 жылдардағы Азиядағы дағдарыс ақшамызды ақсаңдатып қойды. Теңге 64 пайызға түсіп, бағам 130-135 теңге төңірегінде болды. 2009 жылы дүниежүзін тайдырған дағдарыс 1 доллардың құнын 170 теңге қылды. 2015-те 237 болып елді бір дүрліктірсе, осы күндері 370-ке бір-ақ жетті. Төменге құлдыраған теңгені төрге шығару үшін не істемек керек? Қаржыгерлер өндірісті өркендетіп, шағын және орта бизнесті екі есеге арттырған жөн дейді.

Долларға байланбас үшін үкімет 4 жыл бұрын «жасыл» купюрадан бас тартып, төл теңгенің үлесін көбейтуге кірісті. Ұлттық экономика министрлігі соның арқасында инфляция деңгейі аздап төмендегенін айтады. Көрсеткіштер әзірге көңіл көншітерлік емес. Алайда, министрлік жемісін уақыт өте көретінімізге сенімді. Ал, қарапайым халыққа келетін болсақ, 3-4 жылда нарықтағы бағаны тек теңгемен есептеуді үйреніп кеткен. Бүгінгі теңгенің қорғаныштық қасиеті де ең жоғары деңгейде. Мерейтойлық және ескерткіш монеталар көздің жауын алатындай көрікті. Осылай түрленіп, гүлденіп, «25 жасқа толған теңгеміз енді тек төрден көрінсе» деген тілек қана бар.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу