Мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық жасағандар жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық жасағандар жазаланады

15.11.2018

Мемлекеттік қызметкерге бір қорап конфет сыйлағаны үшін 350 мың теңгеге жуық айыппұл төледі. Иә, осындай деректер тіркеле бастаған. Астанада жыл басынан бері ұялы телефонға болмашы бірлік салып берген немесе шаруаны тездету үшін ақша қыстырған 6 адам жазаға тартылды. Алдағы айда қатар келетін мерекелер кезінде сыйлық алмасу артатыны белгілі. Құзырлы органдар бұл заңсыз екенін ескертті. Сый жасаған адам да оны алған мемлекеттік қызметкер де миллиондап айыппұл төлейді. Ал, ресми жиындарда түскен кәдесыйлар арнайы  қорға өткізілуі керек.

Жыл басынан бері тек Астанада мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық жасаған алты адам жазаланған. Оның төртеуі сот шешімімен 336 700 теңгеден айыппұл төледі. Қалған екі дерекке қатысты сот шешімі енді шығады. Олар қызметкерлерге 500 , 2000, 3000 теңге көлемінде «рахмет» айтқан. Мысалы, астаналық кәсіпкер салық есебін тапсыруға көмектескен Кірістер комитетінің қызметкеріне 500 теңге берген. Бұл әрекеті үшін сотталған ол ақырында 700 есе көп айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Тағы бір астаналық көлік салығын төлеуді тездеткені үшін қызмектерге бір қораб конфет қалдырып кеткен.

Жазира Жылқышиева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы:

- «Мерси» конфетін берген оған да күні кеше соттың шешімі шықты. Бір қорап конфет үшін 337 мың айыппұл төлеп жатыр.

Алмақтың да салмағы бар. Сыйлықты алған мемлекеттік қызметкерге де жаза қатал. Құны 4810 теңгеге дейінгі сыйлық алғаны үшін бұл екі айлық есептік көрсеткіш, ол 1 миллион 443 мың теңге айыппұл төлейді. Алайда, әзірге мұндай қадамға барған бір де бір мемлекеттік қызметкер ұсталмапты. Құны 5 мың теңгеге  жуық сыйлыққа қызыққандар қылмыстық жазаға тартылады, өйткені, ол пара болып есептеледі.

Жазира Жылқышиева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы:

- Алдымыздағы айда мерекелер көп. Бұрын мемлекеттік органдарға сыйлықтарымен келіп жататын. Оны енді ескертеміз. Ол болмайды. Ол заңсыз. Міндетті түрде жазаланасыз.

Ал, ресми жиындар мен делегациялардың сапарынан түсетін сыйлықтар мен кәдесыйлар арнайы мемлекеттік қорға тапсырылуы керек.

Дулат Абибуллаев, тілші:

- Бұл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты қойма. Бұл жерде тәркіленген ойын автоматтары мен алкоголь өнімдері, сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің тапсырған сыйлықтары қойылған. Өздеріңіз көріп тұрғандай бал, тіпті келілеп конфет, мынадай көрнекілік өнімдері, қымбат алкоголь өнімдері сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге берілген галстуктер де бар. Заң бойынша әрбір сыйлық алған мемлекеттік қызметкер жеті күн ішінде алған сыйлығын осы жерге алып келіп, тапсыруға міндетті.

Ернұр Қаирбек, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бөлім басшысы:

- Ең қымбаты ұялы телефондар. 2015 жылы Мамытбеков мырза тапсырды. Одан кейін сыйлықтар бірден көбейіп кетті. Жыл сайын сыйлықтар азайып жатыр. 

Бұл қоймада қазір құны 3 миллион теңге болатын 1400-ден астам сыйлық бар. 10 пайызы сатылып, қазынаға 500 мың теңге түсіп те үлгерді. Ресми түскен сыйлықтарды сату әдісі оңай. Госреестр сайты арқылы аукционға шығарылады.

Марат Сәрсебеков, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің басқарма басшысы:

- Бірінші ағылшын әдісімен бағасын жоғарылату арқылы, екінші сұраныс түспесе, бағасын елу пайыз төмендету арқылы, үшінші рет бағасы бір теңгеге дейін түседі. Одан өтпеген мүлік жоюға қалады.

Мемлекетітк қорға кәдесый тапсыруда Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының мемлекеттік органдары белсенді.

Марат Сәрсебеков, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің басқарма басшысы:

- Ақтөбе облысынан бұл қорға биыл тек екі қаламсап тапсырылған.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу