Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласы осымен төртінші күн сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласы осымен төртінші күн сусыз отыр

15.11.2018

58 мың халқы бар шаһарға тіршілік нәрінің қашан берілетіні әзірге белгісіз. Кеншілер қалашығының сусыз қалуына күннің күрт суытып, қатты аяздың түсуі себеп. Өйткені, іргедегі Громатуха өзені мен қала ортасындағы құбырға мұз бітеліп қалған. Аракідік қайталанып тұратын мәселе қашан шешілмек?

Берік Көшербай, тілші:

- Громотуха өзені мен Риддер қаласының ортасындағы су ағатын каналдың жалпы ұзындығы 4 шақырымға жуық. Оның бас жағында судың ішіндегі қарды, ұсақ мұзды сүзіп тазалайтын, шүмекке ұқсас арнайы осындай құрылғы бар. Бұл жол судың ішіндегі ұсақ мұздың көп болғаны соншалық, осы шүмектің аузы толық бітеліп қалған. Мұндағы жұмысшылар таяуда ғана жартылай техникамен, жартылай күрекпен осы жерді тазалап шықты.

Каналда бітеліп тұрған мұзды жібіту үшін 6 көлік кезек-кезек ыстық су тасып әлек. Жалпы, мұндай проблемаға Риддер бірінші рет тап болып отырған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын құбыр дәл осылай қатып қалып, қала 10 күндей судан тапшылық көрді. Биыл да судың қашан берілері белгісіз.

Дмитрий Бояринов «Компания ЛК ГЭС» ЖШС директорының міндетін атқарушы:

- Мүмкін бүгін, мүмкін ертең. Су өзіне қалай жол табады, соған байланысты. Мына жерде канал толықтай табиғи еңіске қарай кетіп жатыр. Су өзі су қоймасынан төмен ағып, ары қарай қысыммен жіберіледі. Бітеліп тұрған құбыр ашылса, су өзі кетеді.

Ал, әзірге риддерліктердің көргені күні осы. Крандағы су сыздақтап ағады. Шаһардың бірнеше шағын ауданына су көлікпен тасымалдануда. 

Динара Сәрсенбаева, Риддер қаласының тұрғыны:

- Су жоқ болғанда осы су таситын көлік келеді. Содан шелектеп тасып аламыз. Ол келмей қалғанда дүкеннен сатып аламыз. 5 литрі 300 теңге.

Бітеліп қалған канал ашылғанша, тіршілік нәрін жерасты су қоймасынан тарту ұйғарылған. Бірақ, қысым нашар болғандықтан, жоғарғы қабаттағы пәтерлерге су жетпейді.

Данияр Дүйсембаев, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

- Бірінші, екінші қабатқа келеді. Қалған қабаттарына көтерілмейді. Ал, оған өзіміздің су таситын көлікпен апарып беріп жатырмыз. Екі жерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Халық қоңырау шалып, тапсырыс береді. Сол бойынша суды жеткізіп беріп отырмыз.

Су тапшылығына байланысты тек бір күн мектепте сабақ қысқартылған. Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, қазір қаладағы әлеуметтік нысандар толықтай жұмыс істеп тұр.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу