Азаматтық қорғаныс саласының мамандары қысқы дайындықтарын пысықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Азаматтық қорғаныс саласының мамандары қысқы дайындықтарын пысықтады

16.11.2018

Қаһарына мініп қыс келгенде құзырлы органдардың қауқары қандай болады? Бүгін Ішкі істер министрінің орынбасары осы жайлы айтты. Мәліметінше, жол тазалау мен қар аршу бойынша жылдағы жағдай қайталанатын сияқты. Ал, жалпы алғанда дайынбыз, деп отыр.

2017 мен 2018 жылдың қыс мезгілінде республикалық маңыздағы жол 120 рет жабылды. Көк тайғақтан көліктер қаңтарылып қалғанын айтпағанда 23 мың адам зардап шегіп, 7 мыңы ауруханаға жатқызылды. Әрине, оқыс оқиғаға тап болуда жолаушылардың өз қателіктері де бар. Бірақ, жылда қайталануы көп жағдайда қардан тазартылмауынан. Ал, оған жауапты «Қазавтожол» компаниясының құрал-сайманы толық емес.

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Техникамен қамтылуы 75-80 пайыз. Бірақ, бұл мекемені жауапкершіліктен құтқармайды. Олар жолды шұғыл тазартып отыруы керек.

Мерей Ермұханов, «Қазақавтожол» ЖШС хатшысы:

- Уәкілетті органның сөзінің жаны бар. Бізде 38 пайыз техника. Қосымша күш тартамыз.

Төтенше жағдай қызметінің өз техникалары түгел ме? Өйткені, былтыр өңірлердегі су тасқынында тырп ете алмай, сынның астында қалған болатын. Биыл да оңай тимейтін сияқты. Ауа температурасы өткен жылдармен салыстырғанда 1-2 градусқа төмен. 

Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Бастапқыда жауын-шашын мөлшері қалыпты болғанымен, қыстың соңғы айы мен наурызда көбейеді. Сол себепті бізге ширақ қимылдап, көктемгі кезеңге тыңғылықты дайындалу керек.

Алыс жолдан басқа, ауыл арасында да сақ болған дұрыс. Әсіресе, қазіргі ауа райы құбылмалы уақытта.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Мамандар осы мезгілде балық аулап бастарын қатерге тікпеулерін ескертеді. Себебі, қыркүйек-қараша айларында еліміздің су айдындарында 18 адам көз жұмды. Оның біреуі бала. Қазір Есілдің өзінде мұз қатты қатпаған. Беті жылтырап, суланып жатыр.

Азаматтық қорғау органы балық және аң аулау орындарында 660-тан астам рейдтік тексеріс өткізген. Қауіпсіздік ережелері түсіндірілген 13 500 жадынама таратылыпты. Алайда, бейқам балық аулап отырғандар кездесті.

Григорий, қала тұрғыны:

- Олар маған ештеңе айтқан жоқ. Қайда, қашан айтып жүр? Интернеттен көрмедім, теледидардан естімедім. Жалпы, төтенше жағдай мамандары дұрыс айтады. Негізі, құлақ асу керек. Біз шет жағында отырмыз ғой. Балалар шанамен ортасына шығып кетеді.

Азаматтық қорғау органы «адамдардың өмірі негізінен, өз қолында», - дейді. Төтенше жағдай төбеден келмейді. Сол себепті, сақтансаң сақтайды.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу