Ресейдің Омбы облысындағы 14 мектепте қазақ тілі қосымша пән ретінде оқытылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Омбы облысындағы 14 мектепте қазақ тілі қосымша пән ретінде оқытылады

19.11.2018

Тек қаракөздер ғана емес, өзге ұлт өкілдері де ана тілімізді меңгеруге құлықты. Бірақ, әттеген-айы - қазақ тіліндегі оқулықтар жоқтың қасы. Бюджетте қаржы қарастырылмағандықтан, мұғалімдер кітап пен әдістемелік құралдарды өз ақшаларына сатып алуға мәжбүр. 

 

Сағындық Сәбитұлы, тілші:

Абай Жұмабаевтың қазақ тілін оқи бастағанына небәрі 2 ай болды. 5 сынып оқушысы бүгінде ана тілінде әріп танып, тақпақ жаттап жүр. Білімге құмар жас өреннің бұл - өзінің салт-дәстүрі мен тарихын білуге деген алғашқы талпынысы. 

Қазіргі күні Омбы олысындағы 14 мектепте қазақ тілі оқытылып жатыр. Оған қоса жоғары оқу орындары мен 2 балабақшада да үйірме жұмыс істейді. Бұл Ресейдегі қандастарымыздың ана тілі мен дәстүріне деген қызығушылығын танытса керек.

Жанат Бекмағамбетов, Омбы Қазақ Ұлттық-мәдени орталығының президенті:

- Омбы қазақтары ұлтымыздың салт-дәстүрін ешқашан ұмытқан емес. Тек соңғы жылдары ана тілін білмейтін ұрпақ өсті. Біз осы олқылықтың орнын толтырайық деп жұмысты қолға алдық. Қазір тілді үйренемін деушілер артып келеді. Тек мектептерде ғана емес, балабақшаларда да оқыта бастадық.

 

Қарлығаш Қараманованың ұстаздық жолды таңдағанына 30 жылдан асты. Осыған дейін ауданда еңбек етсе, енді Омбыдағы мектептерде балаларға қазақ тілін оқытып жүр. «Қажетті оқу құралдары болмаған соң, жұмыс істеу қиынға соғады»,- дейді мұғалім.

Қарлығаш Қараманова, қазақ тілінің мұғалімі:

- Оқулық жағы өте қиын. Мен «Әліппені» 1 сыныпқа да, 10 сыныпқа да беріп жүрмін. Әдістемелікті Қазақстаннан тапсырыс беріп, өзім сатып аламын. Соның өзінде қиын. Оқулық керек бізге.

 

Омбы мектептерінде қазақ тілін оқыту туралы ұсынысты жергілікті билік қуана қабылдаған. Өйткені, қазір мұнда 500-ге жуық бірлескен кәсіпорын бар. «Ана тілін меңгеруге ықылас танытқандардың қатары артып келеді. Сондықтан, болашақ жастар үшін қолдан келгенше қарекет қыламыз», - дейді ұлт жанашырлары. 

 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу