Маңғыстаудағы катакомбадан мамандар 13 адамның сүйегін тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстаудағы катакомбадан мамандар 13 адамның сүйегін тапты

20.11.2018

Маңғыстау өңірінен табылған катакомбада 100-ге жуық жерасты қабірі болуы мүмкін. Археологтардың болжамы осындай. Сондықтан, аумақты бастан-аяқ жақсылап зерттеу қажет. Жыңғылды ауылының шығыс жақ шетіндегі 40 метрлік орды бірінші болып осы маңда су құбырын жүргізіп жатқан жұмысшылар көрген. Мамандар әзірге тек 8 қабірдің бетін ашты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

- Катакомбалық жерлеу орны жерден 2,5 метр тереңдікте қазылған. Оны жаңа ғана ашты. Ішінде шамамен 40 жастағы әйел жерленген. Мамандар оның сүйегін топырақтан тазалап жатыр. Әйелдің бас жағында екі құмыра мен пышақ шаншылған қойдың жілігі табылды және қолдары мен аяқ жағында моншақтар жатыр.

Бұдан басқа тағы 4 қабір ашылды. Олардың әрқайсысында ер кісі мен әйел адам және бала жерленген. Қастарынан бірнеше қыш құмыра мен әйнектен жасалған моншақтар алынды. Археологтардың айтуынша, 2 қабір бұған дейін тоналған. 8 молада барлығы 13 адам жерленген. Жалпы, қабір құрылысына, адамдарды жерлеу рәсіміне, мәйіттердің орналасуына қарағанда катакомба орта ғасырдың антикалық кезеңіне жатуы мүмкін.

Андрей Астафьев, археолог:

- Бұл қауымның қай ғасырға жататынын нақты айту әзірге ерте. Болжам бойынша біздің заманымыздың 3-5 ғасырлары болуы мүмкін. Табылған дүниелерді камералық өңдеп, әдеби дерек көздерімен салыстырамыз. Әйнектен жасалған моншақтар нақты уақытты айтады деп ойлаймын.

Катакомбадағы апаттық-құтқару жұмыстары Маңғыстаудағы тарихи мәдени мұралардың кешенді экспедициясы аясында жүргізілді.

Бибіайша Нұрдәулетова, экспедиция үйлестірушісі:

- Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік кеңесте есеп береміз. Біз мәселені көтереміз. Осы Жыңғылдыдан табылған катакомба зерттеуді қажет етеді. Қомақты қаражат керек. Ғалымдардың археологтардың назар аударуын талап етеді.

Мамандардың айтуынша, жақсы сақталған адам сүйектері археологиялық зертханаға жіберіледі. Өңірде бұған дейін де Сырлы там, Шағатай Құмыра және Алтын қазған қорымдары табылған болатын. Алайда, Жыңғылды катакомбасы ауқымдылығымен ерекше. Мұнда 100-ге жуық жерасты қабірі болуы ғажап емес.

 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу