Ертеден жеткен ежелгі кәсіп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертеден жеткен ежелгі кәсіп

21.11.2018

Металл өндірудің амал-тәсілдерін игеру тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашқанын атап өтті. Көне заманнан бері түсті және бағалы металдарды көптеп өндіретін өңірдің бірі - Шығыс Қазақстан.

 

Берік Көшербай, тілші:

Дәулет Серікбаев атындағы Мемлекеттік техникалық университет ішіндегі «Үлкен Алтай» музейінде таяуда ашылған жаңа бөлім ежелгі металлургия мен тау-кен ісінің даму кезеңінен сыр шертеді. Мұнда 2 мың жылдық тарихы бар көне артефактілер мен отандық археологтардың соңғы жылдары тапқан құнды жәдігерлері жинақталған.

Анар Смағұлова, Алтайды кешенді зерттейтін ғылыми-білім беру орталықтың жетекшісі:

Бұл жерде осы археологтардың жұмыс нәтижесін насихаттауға мол мүмкіндік бар. Біздің мақсатымыз - оқушыларға, студенттерге, қала тұрғыны мен шетелден келген қонақтарға өңірдегі табиғи ресурстарды игеру жолының тарихын көрсету. Нақты айтқанда, ежелгі заманда тау-кен өндірісі қалай дамығанын паш етеміз.

 

Ежелден Кенді Алтай аталатын Шығыс өңірі минералды ресурстарға бай. Сондықтан, тау-кен өндірісі аймақта ерте заманнан дами бастаған. Мұның бәрі музейде көрініс тапқан.

 Виктор Калинин, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

Біздің алдымызда тарихи жәдігерді тура сол қалпында көпшілікке көрсету мақсаты тұрды. Сонымен қатар, осы жерді ежелгі заманға неғұрлым жақындатып, мұнда келушілер шынайы әсер алатындай етіп жасауды көздедік. 

 

Ерекше музейден ерте замандағы озық өнердің үлгісін, яғни, аң стилінде жасалған бұйымдарды да көруге болады. Сонымен қатар, смартфонның көмегімен тарихи орындарға саяхат жасауға мүмкіндік бар.

Бұл музейде қоланы шахтадан қазып, одан дайын бұйым жасау процесі толық көрсетілген. Мысалы, құрамында қоласы бар кенді осы пеште балқытады. Кейін бағалы металдың осы қалыпқа қалай құйылатынын да анық көруге болады. Соңғы кезең, ол қалыптан алынған бұйымды ұстаның төсінде тағы бір рет өңдеп, соңында осындай қоладан жасалған пышақ болып шығады.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Шығыс Қазақстанның бұл бағытта тәжірибесі мол. Берел жазығында ашық аспан астындағы музей бар. Ол жердегі жәдігерлер де ата-бабаларымыздың ежелден металды өндіру және өңдеуден көш ілгері болғанын айғақтайды.

 

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу