Қазақстандық БАҚ өкілдері Еуропаның тың тәжірибиесін игеруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық БАҚ өкілдері Еуропаның тың тәжірибиесін игеруде

22.11.2018

Қазақстандық БАҚ өкілдері Брюссельде Еуропаның осы саладағы тың тәжірибиесін игеруде. Әріптестеріміз мұндай мүмкіндікке «Еуроодақ-Қазақстан»:әріптестік пен ынтымақтастықтың 25 жылдығы» атты журналистер байқауының жеңімпазы атану арқылы қол жеткізіп отыр. Байқауды Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі «Қазмедиа» медиамектебімен бірлесіп ұйымдастырған болатын. Мақсат - Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы байланысты кеңейтіп, отандық медиакеңістікте Еуропалық Одақ туралы ашық диалог қалыптастыру.

Республикалық байқауда жүзден жүйрік шыққан алты журналистің бірі «ATYRAY» телеарнасының тілшісі Орынгүл Бектілеуова. «Журналистік зерттеу» бағдарламасының авторы «Қазақстан мен Еуропалық Одақ» қарым-қатынасының 25 жылдығына 25 минуттық хабар жасап, жеңімпаз атанған. Орынгүл әріптестерімен бірге Брюссельге сапарын Еуропалық комиссияның, Еуропалық парламенттің жұмысымен танысудан бастады.

 

Орынгүл Бектілеуова «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының редакторы:

Ең маңызды деген мемлекеттік органдарда жиындарға қатыстық. Бұл жиналсыстарда өте өзекті мәселелер қозғалды. Соның  ішінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы, сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің арасындағы қарым-қатынастар, сауда-экономикалық, адам құқықтары жөніндегі өзекті тақырыптар қозғалды. Бұл үлкен саяси мәселелер айтылатын жиындарға журналистерді қатыстыру, оларды елдің саяси бағытымен таныстыру өте дұрыс ойластырылған деп ойлаймын.

Ақпараттық агенттік, газет, телерадио журналистері Еуропарламентте өткен адам құқықтары жөніндегі халықаралық конференцияға қатысып, Еуропарламент депутаты Ивета Григулемен кездесті. Сонан соң, шетелдік әріптестерімен өзара тәжірибе алмасты.

Гүлнәр Тәжиева «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газетінің журналисі:

Еуропарламенттегі жиынның өтуі және журналистерге қызмет жасауға, ақпарат  таратуға барлық жағдайдың жасалғандығы ұнады. Журналистердің ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі молырақ деп ойлаймын. Сол жағынан біздің үйренеріміз әлі де баршылық.

Еуропалық институттар мен медиа пулын зерттеуге арналған бір апталық тағылымдамаға келген журналистерді еліміздің Бельгиядағы елшісі Айгүл Құспан арнайы шақырып, қонақасы берді. Ел мен елді елдестіріп жүрген елшімен тілшілер біраз сұхбаттасты. Төртінші билік өкілдері ертең Еуропалық Одақ - Орталық Азия Сыртқы істер министрлерінің отырысына қатысады. Сол жиында Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могеринимен кездесу жоспарда бар.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу