Ақтөбенің іргесіндегі Заречный елді мекенінің тұрғындары Ұлттық арнаға арызданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбенің іргесіндегі Заречный елді мекенінің тұрғындары Ұлттық арнаға арызданды

22.11.2018

Жол нашар, қоғамдық көлік жоқ! Ақтөбенің ең іргесіндегі Заречный елді мекенінің тұрғындары арнамызға арызданды. Тұрғындар әсіресе күз бен көктемде қатты қиналады. Ең жақын деген аялдамаға жетудің өзі мұң. «Соның өзінде сағаттап көлік күткен адамның бәрі бірдей автобусқа сыймайды», - дейді тұрғындар.

Жақсыбек Кемал,  тілші:

Бұл аумақтағы 5 мыңға жуық тұрғын жол азабын тартып келеді. Жол болмаған соң, қоғамдық көлік те жоқ. Ең жақын деген аялдаманың өзіне 3-4 шақырым жаяулап баруға мәжбүр. Ауылға жауынды күндері қоғамдық көлік тұрмақ, жедел жәрдемнің өзі кірмей кетеді екен.

«Қоғамдық көліктердегі жағдай күнде осы», дейді тұрғындар. Ал, сыймай қалғандары барар жеріне жаяулап жетуге мәжбүр. Әсіресе, оқушыларды мектепке апару қиын. Тіпті, автобуста қысылып қалып, жарақаттанғандар да бар.

Төребек Ысқақов, ауыл тұрғыны:

Кеше қызымның аяғын басып кеткен, аадамдар таптап тастаған.

Қазір Заречный-1, Заречный -3 ауылдарының шеткері аумақтары  жол азабын тартып отыр. Іргелес орналасқан ауыл мен бірнеше саяжай аумағында да жолдың сиқы осындай. Бұл жерлердің аты саяжай болғанмен, бәрінде адам тұрып жатыр, көбі жеке тұрғын үй мәртебесін алған. Көшелер жарықтандырылмаған, соңғы кезде ұрлық та күрт көбейіп кеткен. 

Мұхиядин Төлепов, ауыл тұрғыны:

Күніне 12 км жүру керек екен. Ал, үлкен кісілерге бұл оңай емес.

Серік Төлбаев, ауыл тұрғыны:

Көктемде тіпті қиын, адам жүре алмайды. Сосын ит көп. Ұрлық та басталып жатыр. Биылдыққа үш үйді тонап кетті.

«Қала іргесінде тұрсақ та, жағдайымыз шалғай ауылдардан да нашар», деп базынасын айтқан тұрғындар талай табалдырықты тоздырған.  Алайда, нәтиже жоқ.

Алтынбек Алжанов, Алматы ауданы әкімінің орынбасары: 

Заречный арқылы жолды келесі жылға жоспарлап отырмыз, жаңадан салынады. Қалған көшелерді кезең-кезеңмен істейміз. Келесі жылы Мағажан ішіне қиыршық тас төсеу жоспары бар.

Ал, қоғамдық тасымалмен айналысатын ұйым басшылығы көліктің техникалық жағдайы сын көтермейтінін мойындап отыр.  Әрі жолсыз жерге автобус та бармайды. Демек, ауыл тұрғындары алдағы 1-2 жылда да батпақ кешіп жүре тұратын секілді. 

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз. 

Хабарламаларға жазылу