Астанадағы кәріз құбырларының шойын қақпақшаларына жаппай құлып орнатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы кәріз құбырларының шойын қақпақшаларына жаппай құлып орнатылады

26.11.2018

Қала билігі темір жымқырып күнелтіп жүрген ұрыларға қарсы осындай шара қабылдауға мәжбүр. Олай етпеске амалы жоқ. Себебі, ашық қалған кәріз құдықтарына адам түсіп кетіп, қаза тапты. Күні кеше ғана Рақымжан Қошқарбаев пен Өзбекәлі Жәнібеков көшесінің қиылысындағы ашық құдыққа 13 жастағы қыз бала құлап мерт болды. Осы оқиғадан кейін елорда билігі қандай шешім қабылдады?

Үкілеген үміті, үш баласының ортаншысы Аружаннан аяқ асты айырылған Толғанайдың көз жасы тыйылар емес. «Бір аптадан кейін 14 жасқа толар еді», - дейді қара жамылған отбасы. Айтуларынша, Аружан сенбі күні театрға кеткен. Кешқұрым анасына қоңырау шалып, үйге келе жатқанын  хабарлаған. Содан соң байланыс үзіліп, үрейленген анасы дереу полицейлерден жәрдем сұраған.

Толғанай Кенжетай, марқұм Аружанның анасы:

- Не үшін кәріз құбырларының бетін жаппайды? 1 ай бұрын жөндеп, сол жолды қабылдады ғой. Машина жүрсін деп рұқсат берді. Жасаған адамдар ақшасын алды да, кетті. Солардың кесірінен сап-сау баламнан айырылып қалдым.

Толғанайдың отбасы саяжайда қыстың күні су тасу қиын болғандықтан, жуырда ғана осы маңайдағы көпқабатты үйлердің біріне көшіп келіпті. Аружанның өлі денесі де көше қиылысындағы дәл осы құдықтан табылды. Оның үстіне Аружан жоғалған түні, яғни, сенбіде боран болған. Кәріздің қақпағы орнатылмағаны немесе ұрланғаны жөнінде әзірге ешқандай мәлімет жоқ. Құтқару қызметінің мамандары мүрдені жексенбі күні түс ауа алып шыққан. Ресми дерекке қарағанда, кәріз құдығының жартысы суға толып болған. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Аягөз Фазылова болған жағдайды түгелдей түсіндіріп берді.  

Аягөз Фазылова, Астана қаласы ТЖД баспасөз хатшысы:

- Оқиға орнына біздің құтқарушы сүңгуіршілер келгенде, құдықта 2004 жылы туған қыз баланың мәйіті жатқаны анықталды. Сүңгуіршілер құдықтан мәйітті алып шықты. Бұл құдықтың тереңдігі 6 метр, оның үш метрінде су болған.

Көшедегі құдықтың құрбаны болған Аружан Маратованың қазасынан кейін Астана билігі жалма-жан қимылдай бастады. Кешелі бері қаладағы барлық кәріз қақпақшаларын тексеріп, тесігін бітеп, жоғын түгендеуге кірісіп кетті. Ресми дерек бойынша, соңғы бір айдың өзінде қала билігіне тұрғындар тарапынан ашық жатқан құдықтар туралы 400-ге тарта шағым түсіпті. Оның барлығы бірдей бітелмесе керек. Соңғысы орны толмас қазаға әкеп соқты.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Қазіргі күні Полиция департаментінде тергеу жасалып жатыр және барлық коммуналдық қызметтерге тапсырма берілді. Қазір қалада 60 мыңнан астам кәріз қақпашалары бар. Соның барлығын тексеріп, ашық жатпас үшін, іс-шаралар қабылдану үшін тиісті тапсырмалар берілді.

Қазір қалада ашық қалған кәріз құдықтарын жабу кезек күттірмес мәселе. Азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдау үшін 109 қызметі жедел жұмыс істеп жатыр. Олқылықты көзіңіз шалса, қысқа нөмірге қоңырау шалуға болады. 

Ербол Мәндібек, тілші:

Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, құдыққа түсіп қайтыс болған қыз баланың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 306-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Атап айтқанда, қауіпсіздік ережелеріне салғырт қараған мекеме немесе нақты жауапты тұлғалар жазаға тартылуы мүмкін. Қайғылы оқиға болған жер қоршауға алынған. Десек те, Астанада әлі күнге қанша құбыр құдығының ашық жатқаны беймәлім.

 

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу