Бұл «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы». Көлік инфрақұрылымы бойынша еліміздегі ең танымал жобаның қазір жобалау жұмыстары аяқталған. Бірақ, жолдың құрылысы қашан бітеді? Даңғыл қандай бағыттар арқылы өтеді? Бұл жоба қаладағы кептелісті қанша пайызға азайтады?
«Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы». Алматы облысының Талғар, Іле, Қарасай аудандары арқылы өтетін ұзындығы 66 шақырымдық, 6 жолақты даңғыл. Жол толықтай ашылған кезде күніне 40 мыңға жуық машина жүре алады. Сол арқылы қалаға кіретін негізгі көлік ағынын 40 пайызға азайтып, кептеліс мәселесін шешу көзделген.
Гюнай Гекальп, «Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы» жобасының жетекшісі:
- Бұл толықтай жабық жол болады. Көліктер тек арнайы жолайрықтар арқылы кіріп-шығады. Жол бойында 8 жолайрық, 10-нан астам көпір салынады. Жолдың негізгі бөліктері бетоннан, ал, жолайрықтар асфальттан құйылады. Құрылыс материалдарының бәрі Қазақстанда жасалған.
Бұл жоба мегаполис үшін экономикалық тұрғыдан да тиімді болмақ. Өйткені, құрылыс кезінде 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, оның 90 пайызы жергілікті тұрғындар болады. Сондықтан, қазір жұмысшыларға арналған 2 арнайы қалашық салынған. Мұнда инженерлер, техниктар тұрады.
Юрий Боровков, Автомобиль жолдары комитетінің құрылыс инженері:
- Бұл Қазақстандағы концессиялық алғашқы жоба. Яғни, бас мердігер жұмысты өз ақшасына салады. Бұл келісімнің артықшылығы көп. Мысалы, 22 гектар жерге салынған мына қалашықта зауыттар, зертханалар, техникалық қоймалар болады. Құрылыс аяқталған соң да қалашық ары қарай жұмыс істей береді.
Қазір жобаның геодезиялық жұмыстары аяқталған. Ал, құрылысы келесі жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Жолды салған түрік және корей компаниясы 16 жыл бойы жобаның күтімін өз мойнына алады. Сол үшін аталған жолмен жүру ақылы болмақ.
Амангелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.