Астанада бюджеттік мекемелердің 3 мың қызметкеріне 1 миллион теңгелік баспана сертификаты беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада бюджеттік мекемелердің 3 мың қызметкеріне 1 миллион теңгелік баспана сертификаты беріледі

28.11.2018

Бұл қаржы «7-20-25» бағдарламасы бойынша несиеге берілетін пәтердің алғашқы жарнасына субсидия ретінде бөлінеді. Мұндай қолдауға бірінші кезекте дәрігерлер, мұғалімдер және полиция қызметкері ие болады. «Қазір олардың тізімі дайындалып жатыр», - деді Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әнуар Сайыпов. Дәл осындай қаржылай қолдау шаралары еліміздің бірнеше өңірінде жүзеге асырылмақ. «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметінше, аталған бағдарлама бойынша алдағы 5 жылда елімізде 87 мың пәтер сатылады. Бірақ, оған қол жеткізу үшін табысыңыз мол болуы керек. Мамандардың айтуынша, құны 15 миллион теңгелік пәтерді несиеге алу үшін жалақыңыз кемінде 160 мың теңге болуы тиіс. Дегенмен, жетпей жатса, төлем қабілеті жоғары туыстарыңыз бен таныстарыңызды тартуға мүмкіндік берілмек.

Қанат Әбдірайымов, «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ департамент директоры:

- Егер 150 мың төлеу керек десе, орта есеппен оның жалақысы 300 мың теңге болуы керек. Мысалы, сіздің төлем қабілетіңіз қиындағанда не істеу керек? Біздің бағдарламаға сәйкес, егер клиент төлемесе, банк бұл несиені бізден қайта сатып алуы керек. Бұл жағдайға келтірмес үшін олар алдын ала көп ресми мәліметтер алады.

 

Ербол МӘНДІБЕК  

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу