Ақмола облысындағы ұн шығаратын кәсіпорындар шикізатсыз, яғни бидайсыз қаламыз деп дабыл қағуда. Себебі, аграрлық аймақ жыл сайын шамамен 2 миллион тонна бидайды экспорттайды. Ал, шетел асатын ұнның көлемі 300-350 мың тонна ғана. «Қазақстанның ұны сапалы, тиісінше оған сұраныс та жоғары. Сондықтан, бұл саладағы жағдайды реттеу керек», - дейді кәсіпкерлер.
Ермек Елберген, тілші:
Экспорттық әлеуеті зор Ақмола облысының диірмендері шикізат түгесілгенде ұзақ уақытқа тоқтап қалады. Себебі 2 миллион тоннаға жуық бидай өңделмеген күйінде шетелге сатылып жатыр.
Магомед Дзейтов, кәсіпкер:
- Егер біз бидайды осындай лекпен сыртқа шығаратын болсақ, шикізат жетпейді, әрине. Былтыр кәсіпорында жұмыс 4-5 ай тоқтап тұрды. Себебі, бидай болған жоқ. Өңдеуші кәсіпорындарды жыл бойына шикізатпен қамтамасыз етіп қана, қалғанын сыртқа шығарған жөн болар. Осы мәселенің шешу жолдарын қарастыру қажет.
Диқандар үшін өнімдерін трейдерге сатқан тиімді. Олар бағаны көтеріп қояды. Шетелге де біздің бидай ішкі нарыққа қарағанда, жоғары бағамен сатылады.
Дин-Магомед Асаев, кәсіпкер:
- Біз өзімізді шикізатпен қамтамасыз ете алмаймыз. Себебі, трейдерлер көп. Жан-жақтан келеді. Олар бағасы сәл ғана көтеріп, бидайды алып кетіп жатыр. Мәселен, біз 50 мың деп қойсақ, олар 50 500, 51 мыңнан алады. Ауданда қалмайды. Тіпті, салық та жергілікті бюджетке түспейді ғой.
Бір ғана Атбасардағы ұн шығаратын 10 ірі мекеме сауда нарығын кеңейтті. Биыл Біріккен Араб Әмірліктеріне алғашқы өнім жөнелтілді. Алдағы уақытта Еуропа нарығына шығу жоспарда бар.
Бұл кәсіпорында бірінші және жоғары сұрыпты ұн дайындалады. Шетелге жіберілетін өнімдер 2 келілік, 10 келілік, яғни тапсырыс берушінің талабына сәйкес қапталады және де мынадай ірі үлкен көлемдегі қаптарға да өнім салынып жөнелтіледі. Бұл жердегі өнім Өзбекстан, Қытай, Ресейге экспортталады.
Шет мемлекеттер Қазақстаннан бидайды алғанды жөн көреді. Сапасы жоғары шикізатты өздері өңдеп, ішкі нарығында немесе басқа елдерге саудалайды. Осылайша, өз ұнымыз өз өндірушілерімізге бәсекелес болып шыға келеді.
Димаш Таласбаев, Ақмола облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ақмола облысы жылына орта есеппен 1 миллион 800 мың тонна бидайды экспорттайды. Биыл 1 миллион 900 мың тонна саттық. Жыл соңына дейін 2 миллионға жетіп қалады. Қытайға, Орталық Азияға, Ресей мен Еуропаға жіберіп жатырмыз. Ал, ұнды 200-300 мың тонна көлемінде жөнелтеміз. Әрине, өңдеп ұн күйінде сатқан бізге тиімді. Алайда, бұл сатып алушының қалауына байланысты.
Өңделген өнімнен түсетін табыс көп. Оның сыртында жұмыс күші тағы бар. Сол себепті, кәсіпкерлер: «алдымен ішкі нарықтағы өңдеуші кәсіпорындарды жыл он екі ай шикізатпен қамтып барып, артылған астықты ғана шетел асырған жөн», - дейді.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.