Қазақстандық жастар жұмысшы мамандықтарға бет бұра бастады. Елімізде құрылысшы, аспаз, шаштараз, слесарь сынды кәсіптен нәсіп тапқандардың саны артып келеді. Кәсіби, техникалық білім алуға талпынған жас буынның да қатары көбеюде. Солардың бірқатары WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатына қатысты. Дәстүрлі шара биыл осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Әсима Нұрбайқызы, тілші:
Бұлар - жайлы орынға жайғаса салуды емес, елге керек еңбекпен айналысуды көздеген жастар. Қазіргі нарықтың нағыз сұранысына қажет маман иелері. Елімізде екінің бірі заңгер, экономист болуды қалайтын үрдіс өзгеріп келеді. Керісінше, жас буын мамандықтың кәсіптік, техникалық түрлеріне икемделуде. Әсіресе, кірпіш қалау, сантехник, кондитер, аспаз, шаштараз, дәнекерлеуші сынды мамандықтарды игеріп жатқандар көп.
Ұлттық чемпионаттың мақсаты да - осы. Жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыру, жастарға кәсіптік бағдар беру. Елдің әр өңірінен жиналған өрендер 3 күн бойы 30 бағыт бойынша өзара бақ сынаспақ.
Аймарал Шапаева, қатысушы:
- Менің мамандығым - шаштараз және бет әрлеуші. Шаштараз бойынша үлкен әлемдік деңгейге жету - мақсатым. Осы арқылы шетел асып, өз өнерімді көрсеткім келеді.
Осымен төртінші рет жалауы көтерілген жарыстың жыл өткен сайын ауқымы кеңеюде. Алғашқы жылы 70 қатысушы болса, биылғы үміткерлердің саны - 350-ге жуық.
Ермек Күзенбаев, «Кәсіпқор» холдингі басқарма төрағасының міндетін атқарушы:
- Осы жобаға қатысқан балалар міндетті түрде жұмысқа тұрып кете алады, деп айта аламын. Алдыңғы өткен жобалар бойынша өз ісін ашып үлгерді. Ары қарай жұмыс істеп жатқан балалар бар.
Әлемдік додада қазақстандық команда алғашқы жылы 54-орынға іліксе, былтырғы байқауда үздік ондықтың тізімінен көрінді. Бұл – елдегі жұмысшы мамандықтың өсу деңгейін көрсетеді. Ал, биылғы Ұлттық чемпионаттан оза шапқандар алдағы әлемдік жарысқа жолдама алмақ. 2 жылда бір өткізілетін халықаралық WorldSkills чемпионаты келер жылы Ресейде болады.
Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.