ТМД елдерінің рейтингі жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД елдерінің рейтингі жарияланды

05.12.2018

Ресей азаматтарының басым бөлігі Қазақстан мен Беларусьті ТМД аумағындағы ең тұрақты әрі қарқынды дамып жатқан елдер деп санайды. 8 жылдан бері Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізіп келе жатқан әлеуметттік сауалнаманың биылғы қорытындысы осындай. Бұл туралы орталық мамандары Мәскеуде өткен баспасөз мәслихаты кезінде мәлімдеді.

ТМД елдерінің рейтингіне қатысты қарапайым ресейліктердің көзқарасын білу үшін, барлығы 4 сауал қойылған. Олар: «достастық аумағындағы ең табысты елді атаңыз?», «ТМД Президенттерінің ішінде кімге көбірек сенесіз?», «қай елді Ресейдің сенімді серіктесі деп санайсыз?» және «орыстілді азаматтардың құқығы барынша қорғалған мемлекет қайсысы?» деген сұрақтар. Осы көрсеткіштердің барлығы бойынша, Қазақстан мен Беларусь бірнеше жылдан бері өзгелерден оқ бойы озық келеді. Сауалнама Ресейде қараша айында телефон арқылы жүргізіліп, оған 1600 адам қатысқан. 

Степан Львов, Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының департамент директоры:

- Ең тұрақты әрі табысты дамып келе жатқан ел ретінде респонденттердің 68 пайызы Беларусьті таңдаса, 52 пайызы Қазақстанды атаған. Ресейдің әлемдік аренадағы жақын әріптесі деп азаматтардың 60 пайызы Беларусьті санаса, 47 пайызы Қазақстан деп жауап берді. Сауалнамаға қатысқандардың 65 пайызы Александр Лукашенкоға сенеміз десе, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесінде 49 пайыз. Қай елде орыстілді халықтың құқығы барынша қорғалған деген сұрақ бойынша да Беларусь пен Қазақстан көш бастап тұр. Ал, өзге елдердің рейтингі барлық сауалдар бойынша 10-15 пайыздың ар жақ-бер жағында ғана.   

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу