Астық өндірушілер биыл тұңғыш рет еш делдалсыз шетелге өнім шығаруға мүмкіндік болғанымен, екі айдан бері астық жөнелтілмеді. Ал, экспорттық міндеттемелер орындалмаса, шаруалардың қомақты айыппұл төлеуіне тура келеді. Демек, сыртқы нарыққа шығу диқандарды қып-қызыл шығынға батыруы мүмкін.
Болат Аманбаев, тілші:
Астық трейдерлеріне бермей, экспортқа арналған бидай бұл. Құрғақ, қамырлылығы аса жоғары, дәні толық, сапалы өнім. Алушысы жоқ емес, ала тақиялы ағайын ала жаздан бері күтіп жүр.
Балғабай Бакишев, шаруа қожалығының басшысы:
- Вагон болмай жатыр. Екі ай болды. Біз әлі вагон алып, мына кооператив жібере алмай отыр Өзбекстанға. Енді бізге ақша керек. Несие қарызын жабу керек. Жылдың аяғы, еңбекақы беру керек.
Бір ғана «Қалқаман элеваторы» АҚ-да 20 мың тонна бидай жатыр. Бұл «Ертіс Агро» кооперативіне мүше 40-қа тарта шаруа қожалығының элиталық өнімі.
Ерлан Тоқтышақов, «Ертіс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы:
- Бүгін Қытайдан бізге шығып жатыр. Бірақ, вагон мәселесі шешілмей, біз ондай келісімшартқа қол қоя алмаймыз. Неге десеніз, айыппұл төлейміз.
Әрине, әлі тиелмеген, құны 1 млрд. теңгеден астам астықты алдағы бес күнде Ташкентке жеткізу мүмкін емес.
Егер павлодарлық дихандар келісілген астықты Өзбекстанға дер кезінде жеткізе алмаса, айыппұл төлейді. Тіпті, олар Қазақстанның бидайын алудан үзілді-кесілді бас тартуы мүмкін.
Жауапты мамандар: «Қазақстаннан барған вагондарды Өзбекстан кері қайтаруға асықпайды», дейді. Соның салдарынан іркіліс пайда болған.
Дәулетбек Нығметов, «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ Павлодар филиалы бөлімшесінің директоры:
- Бүгінгі күні Өзбекстанда 1410 жабық вагондар және астық таситын 331 вагон босқа тұр. Олардың кейбірі 10 күн, тіпті, 25 күннен бері қайтарылмай жатқандары бар.
Ал, елімізде астық тиелген 800-ге жуық вагон тұр. Олардың барлығы Өзбекстанға жіберілуі тиіс. Теміржол тасымалы қызметінің мәліметіне қарағанда, жағдай желтоқсанның екінші жартысында ғана түзелуі мүмкін.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.