Елімізде суармалы жерлердің көлемі артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде суармалы жерлердің көлемі артады

07.12.2018

Үкімет жаңа бағдарламаның тұжырымдамасын бекітті. Алматыда ІІІ Орталық-Азиялық агротехникалық саммитте осы маңызды құжат кеңінен талқыланды. Себебі, суармалы жерлерді арттыру үшін озық технологиялардың көмегі қажет.  Алқалы жиынға АҚШ, Италия, Нидерланд, Ресей, Украина және Қырғызстанның агросекторындағы жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.

Әсем Қабылбек, тілші:

Мамандардың сөзінше, ауыл шаруашылығы, оның ішінде азық-түлік өндірісі алдағы уақытта дамудың басты факторына айналады. 2050 жылға қарай әлемде халық саны 9 миллиардқа дейін өседі. Ал, осы бағыттағы өнім көлемін екі еселеуге Қазақстанның әлеуеті толық жетеді.

Тілектес Есполов, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры:

- Жаңа технологияларды, ғылымды, жаңа инновацияны аграрлық секторға, агрокешенге тарту, бүгінгі агралық секторға бейімдеп, ауылшаруашылық өнімін арттыру.

Елімізде суармалы жерлердің көлемі де артады. Бұған жауапты министрлік өкілдері Үкіметте салалық құжатты таныстырған. Жоспарға сәйкес, 1,5 млн. гектар жаңадан жер өңделіп, 600 мың гектар бұрынғы жер қалпына келтіріледі. Соның нәтижесінде, суармалы жерлердің аумағы 3,5 млн. гектарға дейін ұлғаяды.

Ислам Әбішев, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы:

- 3,5 млн. гектар жерден алынатын өнімнің жалпы сомасы 4 трлн. теңгеге дейін жақындауы мүмкін. Әрбір өнімді адам басына шаққанда сонда жұмыс істейтін 10 млн. теңгеге дейін жақындауы мүмкін. Жекеменшік-мемлекеттік әріптестік арқылы іске қосып жатырмыз. Ондағы мақсатымыз - жалпы ауыл шаруашылығындағы өнімділікті 2,5 есеге арттыру.

Агросекторда ғылым мен озық технологияны ұштастырмай жетістікке жету қиын. Оған дәлел - Нидерланд корольдігі. Ұлтарақтай жері болса да, агроөнеркәсіп бойынша Еуропадағы жетекші елдердің бірі. Суармалы жерлерді игеруде тың тәсілді қолданады.

Вим Бастиансен, Дельфт техникалық институтының сарапшысы:

- Суармалы жерлер кепілді түрде мол өнім береді. Суды тиімді пайдалану - әлемдегі өзекті тақырып. Біздің елімізде жаңбырдың суын фермерлер ұтымды қолданып, шығынын азайтып отыр. Жердің ылғалын ұстап тұру - үлкен еңбек.

Қазір қант, өсімдік майы, көкөніс, жемістер, мал мен құс шаруашылығы өнімдерінің көбісін сырттан тасимыз. Алайда, бұларды өзіміздің ұланғайыр жерімізде өсіріп, өңдеуге шамамыз жетеді. Сондықтан, «Тығырықтан шығудың жалғыз жолы - ғылым, инновация көмегіне жүгіну», - дейді сарапшылар.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу