Мұнда атқа мінудің қыр-сырын үйретеді. Келгендер сәйгүлікпен серуендеп, бой жазады. Елбасы өз мақаласында ұлттың 7 қырының бір нышаны – атқа міну мәдениеті екенін еске салды.
Сақ дәуірінде-ақ қылқұйрықтыны құрықтаған бабалар әлемге атқа міну дәстүрін паш етті. Бұған археологиялық жәдігерлер дәлел.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Артурдың атқа мініп үйренгеніне 1 айдан асты. Жасы 12-де. Бастапқыда арғымақпен адымдап қана жүрді. Қазір ат үстінде желиді.
Артур Гордеев, оқушы:
- Бала кезден жылқыны қатты жақсы көрем. Өскенде мал дәрігері болғым келеді. Осында асығып келемін. Бүгін 9-шы сабағым. Мына аттың аты - Балерина. Бұйрығымды бұлжытпай орындайды. Ол менің досым. Мені түсінеді. Екеуміз сөйлесеміз.
Артур жаттығып болған соң, асыл тұқымды тұлпарларды тамақтандырады. Бапкері де қасында. Тұрар Жұмағалиев орталыққа келушілерге атқа міну мәдениетін үйретеді. «Қазақтың баланы 5 жастан бастап ашамайға отырғызуы тегін емес»,- дейді ол.
Тұрар Жұмағалиев, жаттықтырушы:
- Көбі ешнәрсе түсінбейді деп ойлайды, жоқ, 5 жастағы бала атқа отырған кезде жауапкершілікті сезінеді. Төмендегі адамдарға, қарындастарына, інілеріне қарап, өзінің Отанын, отбасын қорғайтын жауапкершілікті сезінеді. Атам қазақ атқа отырғанда бұрын денсаулықтары мықты болған.
Ашылғанына бір айдан асқан «Саят» орталығы 16 жылқыны күтіп-баптайды. 22 ат тұрағы бар. Жабық манеж жыл он екі ай бойы жұмыс істейді. Батыста тұңғыш ашылған демалыс орны ішкі туризмді дамытуға тың серпін берді.
Ең алғашқы үзеңгі мен ертұрманды көшпенділер ойлап тапты. Бұл аттың құлағында ойнауға, ат үстінде еркін қимылдауға мүмкіндік берді. Бүгінде ата-баба ізімен атқа мініп, дәстүрді жалғастырғандар көбейді. Бұған осындай этно-туристік орталықтың ашылуы да үлкен сеп.
Мұнда тұрақты жаттығып, сабақ алуға күніне 4-5 адам келеді. Ал, демалыс күндері сәйгүлікпен серуендеймін деушілер көбейеді.
Бауыржан Өмірзақ, қала тұрғыны:
- Көп жыл қалада тұрғасын, атты сағынамыз. Біздің қанда бар ғой. Ат - қазақтың досы. Өз дәстүрін, тарихын ұмытпасын деп, баланы сол үшін алып келдік.
Орталық Оралдан 15 шақырым жерде. Болашақта бұл жерде шаңғы туризмін дамытып, балық аулау үшін жасанды тоған, этноауыл салу жоспарланған. Иппотерапия, ұлттық ойындар және олимпиада бағдарламасына енген ат спорты түрлерін дамыту да келешектің еншісінде.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.