Қазақтың Бас қаласы 20 жылда ғасырдың жоспарын еңсерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың Бас қаласы 20 жылда ғасырдың жоспарын еңсерді

10.12.2018

Астана көз ілеспес жылдамдықпен өсіп, өркендеп келеді. Алматыдан Арқаға көшкен тұста шағын шаһардағы халықтың саны 200 мыңға жетер-жетпес еді. Қазір 5 есеге ұлғайған. Қалада бұрын-соңды болмаған құрылыс қарқын алып, заманауи, әсем, еңселі ғимараттар бірінен кейін бой көтерді.

Бұл - Астанадағы алғашқы құрылыстардың бірі. Құрылысшылар сол сәтте қалақты ғана емес, төрткүл дүниені таңқалдыратын болашақ шырайлы шаһардың кілтін қолдарына ұстап жүргенін сезбеген болар. 1997 жылы басталған құрылыс қарқыны бір сәтке кемімей, жыл сайын жүздеген зәулім ғимарат бой түзеп келеді. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды, пішіні, сыртқы келбеті мен көлемі де әртүрлі. 20 жылда 2 мыңнан астам ғажап ғимарат бой көтерді.

Қарқынды құрылыстың арқасында елорда 3,5 есеге кеңейді. 1997 жылы шаһардың аумағы 20 мың гектарға әрең жетсе, қазір 70 мың гектардан асады. 

Ерке есілдің бойындағы келбеті көрікті кербез қалаға қоныс аударушылардың көші де толастаған жоқ. Алматыдан Арқаға көшкен тұста Астанада 200 мың тұрғын болса, қазір миллионнан астам халқы бар ірі мегаполис.

Асхат Садуов, Урбанистика орталығы директорының орынбасары:

Астанада жылына 2 миллион шаршы метр пәтер беріледі. Қаланың аумағы қаншалықты кеңейіп жатқанын шамалай беріңіздер. Жылына 50 мың адамға көбейіп жатырмыз. Шаһардың өсу қарқыны өте жоғары. Халық санының көбеюінен инфрақұрылым дамиды. Біздің ендігі мақсат - 2030 жылға қарай 2 миллион тұрғынға жағдай жасау.

Болашаққа бағытталған игілікті инвестиция, ол – білімге қолдау. Өйткені, сапалы білім, саналы тәрбие мемлекеттің ең қымбат қазынасы.  1997 жылы қалада небәрі 37 мектеп болса, қазір еселеп артып, 84-ке жетті. 20 жыл бұрын 41 мың оқушы білім алса, қазір 180 мыңнан астам бала білім нәрімен сусындап, ұлттық тәрбиенің уызына қануда.

Медицина қалашығы да осында. Дертіне шипа іздеп, шетел асқандардың емес, шетелден Астанаға келетіндердің қатары артты. Өйткені, бас қалада замануи орталықтардың барлығы бар. Басқа да әлеуметтік, экономикалық бағыттағы нысандар салынып, көбейіп жатыр. 20 жылда ғасырдың жоспарын еңсерген Елорданың ертеңі де еңселі. 

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу