Ұрпақ саулығы – ұлт байлығы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұрпақ саулығы – ұлт байлығы

11.12.2018

Қазақстанда жыл сайын үш мыңға жуық сәби туабітті жүрек ақауымен өмірге келеді. Олардың барлығына дерлік шұғыл операция қажет. Бұл бағытта білікті маман мен заманауи орталықтар елімізде жоқ емес, бар. Азаттықтың арқасында отандық медицина әлемдік деңгейдегі мінберден көрініп келеді. Нәтижесінде, жүздеген тіпті мыңдаған науқас ауыр дерттерінен айығуда. Әсіресе, адам ағзасының ардақтысы – жүректі емдеуде жемісті нәтиже жоғары.    

Операция залына шұғыл жеткізіліп жатқан науқас дүние есігін енді ашқан екі айлық сәби. Өмірге хан келді деп қуанып ата-анасы оның есімін Ханияр деп қойған. Сол Ханиярдың халі күрт нашарлап, ағзадағы ең маңызды мүшесі – жүрегінің жұмысы әлсіреген. Павлодарлық дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмай, ұшақпен дереу Астанаға жеткізді. Мұндағы мамандар мереке күніне қарамастан, ең ауыр операцияға кірісті.

8 сағатқа созылған күрделі операция сәтті аяқталып, сәбидің жанын аман алып қалды. Өзге емес, өзіміздің дәрігерлер. Осылайша, жүректің қағысы жалғасты.

Бұл былтыр 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнінде болған оқиға. Қазір сәбидің дені сау, ата-анасының жанында, көз қуаныштары.

Күн сайын оның тәтті қылықтарына шаттанған ата-ана 16 желтоқсан күні Ханиярдың екінші туған күнін тойлайды. Тағдыр оған жаңа өмір сыйлаған күн.

Самал Қанашева, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Уайым-қайғы көп болды. Дәрігерлерге көп рахмет, операция өте сәтті өтті. Қазір міне, өте бақыттымыз. Қасымызда. Жүргеніне қуаныштымыз. Сөйлеп келеді. Екінші туған күнін тойлаймыз. 

Ауыр дерттен айыққан жалғыз Ханияр емес. Онымен тағдырлас мыңдаған сәби орталықтан сауығып шығуда. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасында жеткен жемісті һәм жеңісті жетістік.

Дмитрий Горбунов, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының балалар бөлімшесінің меңгерушісі:

- Егер біз оған сол күні операция жасамағанда, қазір ортамызда болмайтын еді. Жыл сайын орталықта осындай 500-ге жуық балаға операция жасалады. Өйткені, жүрек ақауымен өмірге келіп жатқан сәбилер аз емес. Әсіресе, ауыр жағдайдағы балалардың қатары көп. Олардың барлығына дер кезінде ем-дом жасап жатырмыз.  

Егемендік алған жылдары айрықша екпін берген сала – медицина. Ұлт көшбасшысы ұлттың саулығын жақсарту бағытын бірінші орынға қойды. Әлемнің ең озық технологиясы елге жеткізіліп, заманауи орталықтар ашылды. Білікті мамандар күрделі операциялардың барлығын өздері жасап жатыр. Нәтижесінде, Ханияр сынды көптеген сәби үйлеріне аман-сау қайтуда.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу