Қазір мұнда 14 отбасы ғана қалған. Қазақстанның киелі жерлері картасына енген мекенде ешқандай әлеуметтік мекеме жұмыс істемейді. Тұрғындардың оны туризм орталығына айналдыру үшін жасаған әрекеттері әзірге ешқандай нәтиже бермей отыр. Қазақтың біртуар перзентінің кіндік қаны тамған топырақта тілшіміз Дәуренбек Әбдібек болып қайтты.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
- Мынадай тұрғындардың кейін орнатқан белгілері болмаса, бұл жерде Шоқан заманынан ешқандай жәдігер қалмаған. Үлкендер кезінде Шыңғыс сұлтанның тұрған үйі мен су ішкен құдығының орны болған деседі. Алайда, кеңес заманында оның бәрі аяусыз талқандалған. Тіпті Күнтимес деген ежелгі атауының өзі екі рет өзгертіліп, Тәуелсіздік жылдары қайтарылыпты.
Күнтимес қазір – Сарыкөл ауданының Златоуст ауылдық округіне қарайды. Қорғанбек Ғабдолов осы жерде туып-өскен. Гүлденген шағында ауылда 80-ге жуық отбасы тұрды – дейді ол. Төскейінде мыңғырап мал өрген. Сонау Шыңғыс сұлтан қыстау салған кезден бері бұл жерден ел ірге көтермепті.
Қорғанбек Ғабдолов, ауыл тұрғыны:
- Осы жерде біздің ата-бабаларымыз тұрған. Шоқан Уәлихановпен құда болған Өсіп деген кісінің зираты бар. Басында үлкен белгі тас әлі тұр.
Осы мекенде туып-өскен азаматтар қаржы жинап Шыңғыс салдырған мешіттің орнына белгі қойды. Бала Шоқанға ескерткіш орнатты. Жәдігерлер жинап, шағын мұражай ашты. Тіпті келушілерге арнап жаңа екі үй де салған. Бірақ, жылусыз мұражай азынап, қонақүйлер қаңырап тұр. Өйткені, ағылып келіп жатқан адам жоқ.
Мырзағали Омаров, Златоуст ауылдың округінің әкімі:
- Қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Бірақ, адамдар көшіп кете берсе мұның бәрін сақтап қалу қиын. Өзіміз үшін қасиетті жерді өзіміз қадірлеп, көшпей, осында тұрақтамасақ, басқа сырттан келген адамның тұруы екіталай.
Аудан басшылары сырттан инвестор тартып, осы жерден жазғы жастар орталығын ашуды көздеп отырмыз дейді. Алайда, бұл әлі нақты жоспар-жобасы жасалмаған сөз жүзіндегі нәрсе. Жалпы, Қостанай облысында киелі болғанымен келушісі жоқ елсіз мекендер аз емес. Жағдай осы қалпынан өзгермесе Күнтиместің де солардың қатарына қосылуы бек мүмкін.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.