Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж ұжымы өз студенттеріне пәтер тарту етті. Ұстаздар баспана алу үшін өз еңбекақыларынан үнемі жинап отырған. Сөйтіп, ата-ана қамқорлығынсыз қалған шәкірттеріне қайырымдылық жасады. Талайға үлгі болатын игі істі колледж бірнеше жылдан бері жалғастырып келеді.
Қостаева Назерке - жас маман. Педагогикалық колледжді бір жыл бұрын тәмамдаған. Тағдыр тауқыметін тартқан ол әке-шешесінен ерте айырылған. Қиын-қыстауда көмек қолын созар жақыны жоқ. Алайда, оқуын тәмамдап кетсе де, әлі күнге дейін ұстаздарының мейіріміне бөленіп келеді. Колледж ұжымы қаржы жинап, оған бір бөлмелі пәтерді сыйға тартты.
Назерке Қостаева, колледж түлегі:
- Маған керек кезде көмектерін беріп отырды. Анам да, әкем де, отбасым да болды. Әрқайсысы түрлі жағдайларда көмектесіп, қасымнан табылып отырды. Алғысым шексіз.
Оқу орны мұндай қайырымдылық жасауды жақсы үрдіске айналдырған. Оқу орында әлеуметтік аз қамтылған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарға ерекше қамқорлық көрсетіледі.
Шаған Жанаева, колледж директоры:
- Білім алғаннан кейін, колледжді тәмамдап, үлкен өмірге аттанады. Сол кезде қиындыққа тап болмас үшін, көмек жасауды ұйғардық. Баспана мәселесін шешіп беруге тырыстық. Сол баламызға бүгін пәтер алып беріп жатырмыз.
Колледж ұжымы бұған дейін тағы бір студентке баспана әперді. Қайырымдылық пен адамгершіліктің үлгісіндей болған игі дәстүрді ұстаздар әлі де жалғастыра бермек.
Ержан ЖАҚЫП
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.