Бұрындары олар саяси науқанға үйлерінде отырып қана қатыса алатын. Ал, болашақта учаскелерге келіп, үн қосамын дейтін кісілерге барлық жағдай жасалмақ. Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында осы мәселе жан-жақты қаралды. Қазіргі таңда елімізде 580 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың барлығы сайлау құқына ие. Осы санаттағы азаматтарға ыңғайлы орта қалыптастыру үшін учаскелер техникалық базамен жарықтандырылады. Көлігін қоятын арнайы орыннан бастап, арбамен келетіндердің кабинаға еркін кіріп-шығуларына дейін мүмкіндік жасалуы тиіс. Зағип жандар трафареттермен, нашар көретіндері жарықтандыру жайларымен толық қамтамасыз етілуі қажет.
Ләззат Сүлейменова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
- Әрине, көптеген мәселе бар. Оған қаражат керек. Бірақ, кезең-кезеңімен шешу туралы жоспарлар құрылуда. Оны орындау үшін шаралар қабылдайтын боламыз.
Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.