Степногорск қаласында жергілікті билік пен жеке кәсіпкер арасында дау туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Степногорск қаласында жергілікті билік пен жеке кәсіпкер арасында дау туды

19.12.2018

Ақмола облысының Степногорск қаласында мемлекеттен кәсіпорынды жекешелендіріп алған кәсіпкер екі жыл бойы жұмысын жүргізе алмай отыр. Кәсіпкер оған жергілікті билікті айыптайды. Ол «Степногорск-Тазалық» серіктестігін қоқыс тастайтын полигонымен бірге сатып алған екен. Алайда, қалалық әкімдік полигон кәсіпорынға тиесілі емес дегенді алға тартады.

Ермек Елберген, тілші:

- Дауға себеп қоқыс полигоны міне осы. Бұл жерде «Степногорск-Тазалық» кәсіпорны ғана жұмыс істей алады. Себебі, Экология департаменті беретін рұқсат қағазы осы серіктестікке тиесілі. Айта кету керек, 2024 жылға дейін бұл жерде тек «Степногорск-Тазалық» серіктестігі жұмыс істей алады. Себебі, заң бойынша бұл рұқсат тек бір серіктестікке беріледі екен. Дегенмен, бұл жерде қазір серіктестік түрлі себептермен өз қызметін жүзеге асыра алмай отыр.

Бірінші себеп - қазір полигон иесіз деп танылған. Степногорск қаласының  соты серіктестіктің бұрынғы басшысының өтініші негізінде осындай шешім шығарған дейді кәсіпкер. Алайда, серіктестік сатылымға қойылғанда, негізгі қызметін жүзеге асыратын алаң ретінде осы қоқыс тастайтын полигон көрсетілген. 

Данияр Бейсембаев, «Степногорск-Тазалық» серіктестігінің директоры:

- Директор М.А. бас тартуды 2 қыркүйек күні жазған. Әкімдік шешімі шықты. 9 қыркүйек - аукцион болған күн. Сол күні полигонды ЖКХ есебіне шығару шешімін жасаған.  

Екінші себеп - қазір серіктестіктің барлық есеп-шоттары бұғатталған. Өйткені, мемлекетке және жұмысшылар мен өзге заңды тұлғаларға 180 миллион теңге қарызы бар. Берешек сома  серіктестік мемлекет меншігінде болған кезде жиналған дейді кәсіпкер..    

Данияр Бейсембаев, «Степногорск-Тазалық» серіктестігінің директоры:

- Біз қызмет ету керекпіз. Бірақ, Степногорск қаласының әкімдігі бізге мүмкіндік бермей жатыр. Неше түрлі жағдайлармен бізді құртқысы келіп отыр. Бізді Салық департаменті арқылы тағы басқа кәсіпорындармен сотқа беріп, банкрот етпек. Сондықтан, біз осы полигонда жұмыс істей алмай жүрміз. 

Жекешелендіру басталғалы серіктестік мүлкі талан-таражға түскен. Әкімдік шешімімен 15 техника сатылған. Түскен ақша заңды тұлғалар алдындағы қарызды өтеуге жұмсалыпты. Ал, заң бойынша алдымен мемлекет пен жұмысшылар алдындағы берешек өтелуі тиіс. «Жұмыс істеуге мүмкіндік бергенде 2016 жылдан бері қарыздың шамамен 30 пайызын жауып тастар едік», - дейді кәсіпкер. Ал, қазір полигон өзге серіктестіктің қарамағында.

Талғат Мағжанов, қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі басшысының м.а.:

- Сатылымға шығарылғанда полигон серіктестік есебінде болған жоқ. Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тиесілі еді. Сондықтан, серіктестік ол жерде жұмыс істей алмайды. Қазір полигонды сенімді басқару құқығы «Құрылыс МТК» серіктестігіне берілді.

Бір қызығы, «Құрылыс МТК» серіктестігінің қоқыс полигонында жұмыс істеуге экологиялық рұқсаты жоқ. Дегенмен, әкімдік олармен әріптестік орнатқан. Бұл мәселе Ақмола облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесінде бірнеше мәрте қаралды. Алайда, екі жақ ортақ шешімге келе алмады.

Элмира Жармұхамедова, облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Облыстық сот шешімімен полигон серіктестіктің негізгі қызмет істеу алаңы ретінде, яғни ол кәсіпорыннан бөлек қарастырылмайтыны дәлелденді. Дегенмен, қайтадан арыз берілді. Тағы бір сот отырысы болады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау кеңесі жергілікті билік өкілдерінің іс-әрекетіне заңдық баға беру үшін материалдарды мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жіберу туралы шешім қабылдады.     

Серіктестік басшысы ақырына дейін күреспек. Соңғы шешімді сот шығарады.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу