Батыс Қазақстанда тағы бір ірі мал бордақылау алаңы ашылады. Бастапқыда 5 мың, кейін 20 мың бұқаны ұстауға арналған ірі кешен өңірдің Қазталов ауданында салынады. Құрылыс келер жылдың сәуірінде басталып, өндіріс күзде іске қосылмақ. Бордақылау алаңында абердин ангус және қазақтың ақбас асылтұқымды малы өсіріледі. Жоғарғы сұрыпты ет Ресей, Өзбекстан, Иран, Қытайға экспортталады. Бордақыланған малдың орта салмағы 550-600 келі болады. Жалпы, биыл осындай инвестициялық жиындарда құны 40 млрд. теңге болатын 12 жоба мақұлданды.
Әлжан Қабиев, инвестор:
- Бірінші кезеңде 2,5 млрд. теңге инвестиция саламыз. Оның 1 млрд-ы құрылыс пен техникаға, ал, 1,5 млрд-ы - мал сатып алу мен жем-шөп қорына жұмсалады. Қаражаттың 20 пайызы өзімізден, ал, қалғанын «Қазагро» корпорациясы қаржыландырады. Малды осы өңірдегі шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардан сатып аламыз.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.