Ақмола облысының фермерлері цифрлық технологиялар арқылы өнімділікті 3 есеге арттырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының фермерлері цифрлық технологиялар арқылы өнімділікті 3 есеге арттырған

20.12.2018

Ақмола облысының фермерлері цифрлық технологияларға иек арта отырып, өнімділікті 2,5-3 есеге дейін арттырған. Бүгін Қазақ агротехникалық университетінде өткен басқосуда осы ақпарат жария болды.

Бір қарағанда Қазақстанда игерілмей жатқан қазық қағар иен жер жоқ секілді. Алайда, Жерді ғарыштан сәулеге түсірген құрылғы қаншама аймақтың пайдаланбай жатқанын тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Тек солтүстік өңірлердің өзінде 1,5 млн. гектар аумақ бос жатыр. Ал, бұл жерге егін егіп, жер жыртса қыруар қаржы емес пе?

Ақылбек Күрішбаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы:

- Бірінші рет биыл біз әкімдерді оқытуды бастадық.

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының көшбасшысы болуы тиіс. Бұл Президент сан мәрте қайталап айтқан мәселе. Терең зерттеу, тың технологиясыз оң нәтижеге жету қиын. Университет жанынан ашылған орталық ақылды техниканың көмегін тиімді пайдаланып келеді.

«Қай жерде азот кем, қай жерде көп екенін фермер қайдан білсін?! Міне, осындай кезде біздің технологиялар көмекке келеді», - дейді, мамандар. Ғарыштан түсірілген суреттер топырақтың агрохимиялық және фитосанитарлық құрамы туралы дәл ақпарат берген. Нәтижесінде, қарағандылық фермер бір гектардан 50 центнер өнім алып, рекорд орнатты. 

Павел Лушак, шаруа қожалық директоры:

- Терең зерттеу жүргізілді. Аграрлық университеттен 12 мәрте ғылыми экспедиция келді. Жер қыртысынан бастап, спутниктен жасалған сапалы суреттермен көмектесті. Бір сөзбен, егін егудің бүтін бір ғылыми өндіріске айналуына септесті. 

Ауыл шаруашылығындағы ақылды технологияның үлесі аз. Үлесі артса, шығын кеміп, егіннің өнімі арта түсері анық.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу