Түркістан облысында қазына қаржысына тартылған электр желісі кәдеге жарамай қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қазына қаржысына тартылған электр желісі кәдеге жарамай қалды

20.12.2018

Түркістан облысында қазынаның қыруар қаржысына тартылған электр желісі кәдеге жарамай жатып қирап қалды. Қазығұрт ауданындағы Ақбура сауықтыру орнына баратын жол бойына жағалай орнатылған бетон бағаналардың оннан астамы морт сынып құлап, сымдары жерде шұбатылып жатыр. Ал, оның айналасындағы Атбұлақ және Қарақия ауылының тұрғындары тоққа түсіп қаламыз ба деп қауіптеніп отыр.

Атбұлақ ауылының жоғары жағындағы төбе сол маңдағы біраз ауылдың мал жайылымы. Ұзындығы 16 шақырым болатын электр желісі тап осы тұспен өткен. Қаңқасы темір бетон бағаналардың бүгінде бірнешеуі түбінен сынған. Сымдары аяққа оралады. 

Мұхамеджан Ибрагимов, Атбұлақ ауылының тұрғыны:

- Тура желдің өтіне әкеп қойған. Ол қандай болса да, шыдамайды. Бұл жердің желі басқа. Қазығұртта өте күшті жел тұрады. Міне, мынау жіңішке 2 арматура тұр. Оның арасынан жіңішке сым жіберіпті. Бұл көзбояушылық қой.

Төребек Айтбаев, Ақбура сауықтыру орнының шырақшысы:

- Бірнеше бағана жарылып, қисайып тұр. Сапасыз арматура есебінен 9 метр биіктікте тұрған бағана құлап тұр.

Желі «Кеме қалған» тарихи нысанынан «Ақбураға» қарай 2012 жылы тартылған. Ол жерге қуаттылығы 630 киловатт электр тарату торабы да орныталды. Қазір трансформатордың жабдықтары тоналған. Жарамсыз күйде.

Ғани Қалмаханов, тілші:

- Осылайша, Ақбура кесенесіне туризмді дамыту мақсатында тартылған электр желілері әлі күнге қосылмай тұр. Саяхатшыларға қызмет көрсету орындары амалсыз жоғарыдағы өзен суының ағасын пайдаланып, мынадай жасанды қондырығының көмегімен электр тогын өндіріп отыр. 

Бұл жайттан Қазығұрт ауданы әкімдігі әлдеқашан хабардар. Екі жылдан бері бар тындырғаны -  облысқа бірнеше мәрте хат жазудан әрі аспаған. 

Тайбек Қалымбетов, Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары:

- Үстіміздегі жылдың өзінде екі рет хат жібердік. Бірақ, атқарылған мекеме тарапынан қалпына келуі тиіс еді, бүгінгі таңға орындалмай отыр.

Құрылыс саласындағы қалыптасқан талап бойынша көбіне мердігер компания салған нысандағы  кем-кетікті 5 жыл ішінде өз есебінен жөндеп беруі тиіс. Ал Ақбураға қарай электр желісінің тартылғанына биыл алтыншы жыл. Соған қарағанда, мерзімнің өткені сылтау болып, тағы да қазына қаржысына қол салынатын сыңайлы.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу