ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында биылғы жылдың 9 айындағы ҚР экономика салаларының ағымдағы жағдайы туралы айтты.
Министр ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанда құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік саласы мен өңдеуші өнеркәсіп салаларында оң серпіннің байқалғандығы туралы хабарлады. Сондай-ақ, азық-түлік, тоқыма бұйымдары мен фармацевтика өнімдерінің өндірісі артқанын мәлімдеді.
Ол сонымен қатар, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында өнеркәсіп өсімінің жоғарғы қарқыны байқалатындығын айтып өтті.
«Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің өсімі өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өндірісін 7,0 пайызға ұлғайту есебінен шамамен 5 пайызды құрады. Мал шаруашылығы өнімдерін шығару 2,5 пайызға өсті. 11 қазандағы жағдай бойынша 15,2 ц/га өнімділіктен 23,2 млн тонна астық бастырылды. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 2,4 ц/га-ға жоғары көрсеткіш.
Құрылыс жұмыстарының көлемі тұрғын үй құрылысын ұлғайту есебінен 6,9 пайызға артты. Ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйегінде тұрғын үйлерді пайдалануға беру Павлодар, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Астана қаласындағы тұрғын үйлерді өткізудің айтарлықтай ұлғайған қарқыны есебінен 13,6 пайызға өсті», - деп мәлімдеді министр.
primeminister.kz