Елбасы Жарлығымен Шымкент қаласының облыстан енші алып, дербес мегаполис атануы және облыстың Түркістан деп аталуы 2018 жылғы ең елеулі оқиғалардың бірі болды. Әсіресе, өңір тұрғындары үшін бұл шешім тарихтың айшықты кезеңі ретінде есте сақталатын болды. Осылайша, түбі бір түркі жұртының рухани астанасы саналатын Түркістанның жаңа дәуірі басталды. Облыс атауы және оның орталығы мәртебесіне ие болған тарихи мекен мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгінде тек руханияттың ордасы ғана емес, экономикалық әлеуеті мықты, сәулеті ерек ірі шаһарлардың біріне айналып келеді.
Туризм. Түркістанды енді төрткүл дүниеге танытатын да, табысын тасытатын да басты сала - осы. Биыл тарихи шаһарды қызықтауға алғаш рет 1 миллионнан астам саяхатшы келді. Оның 40 мыңға жуығы шетел азаматтары. Бүгінде шаһарда 11 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны саяхатшыларға қызмет көрсетеді. Былтыр шаһар қазынасына туризмнен 3 миллиард 700 миллион теңге пайда түскен.
Джон Лайман, саяхатшы:
- Ерте ортағасырда салынған құрылысты өз көзіммен көрудің өзі ерекше әсер сыйлады. Әрі бұл нысандардың осы кезге дейін бүлінбей сақталуы таңқалдырды. Шаһардың тарихына көз жеткізіп, талай қызықты деректерге қанықтым.
Түркістанның даму жоспарына сай тұрғындар саны келешекте 161 мыңнан 600 мыңға дейін өспек. Шаһар аумағы 675 гектарға ұлғаяды. Түркі халықтарының музейі, театр, спорт кешендері мен сауда орындары бой түзейді. Қазақ хандары мен билерінің орталығы салынады.
Еркін Жүсіп, облыстың бас сәулетшісі:
- Негізгі мақсаттарымыздың бірі - шығыстық үлгідегі қала болуы керек. Сәулетшілердің және ғалымдардың көбімен келісіп отырмыз. Біздегі зәулім ғимарттар 12-14 қабаттан биік болмайды. Себебі, мавзолейдің биіктігі 41 метр. Одан биік ғимарат салу жоспарымызда жоқ.
Түркістан осылайша сәулетімен тамсандырады. Тұрмыс-тіршілігі мен өндірісі де әлемдік озық технологияларға негізделеді. Жалпы, өңір экономикасына өткен жылы 482 миллиард теңге инвестиция құйылған. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі 2,5 есеге өсіп отыр.
Жарылқасын Әзіретбергенов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы:
- Ата-бабадан қалған салт-дәстүр, мықты хандарымыз, билеріміз осында жатыр. Яғни, әруақтар жатқан жер. Бұл жерді өсіріп, өркендету бүкіл республикамызға пайдасын тигізеді. Бүкіл Қазақ елі өркендейді.
Облыс атауының Түркістан деп өзгеруі өңірдің жаңаша түрленуіне, дамып-өркендеуіне оң ықпал етеді. Өйткені, бұл атау бағзы заманнан бері түбі бір түркі жұртына етене таныс. Осылайша, жаһандану үдерісіндегі төрткүл дүние оңтүстікті бұдан былай Түркістан арқылы танитын болады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.