Биыл Қызылжар қаласын жаңажылдық безендіруге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Бірақ, соған қарамастан мереке қарсаңында шаһар көшелері түрлі-түсті шамдармен көмкеріліп, ажарлана түскен. Үш бірдей алаңға биік шыршалар орнатылып, мұздан мүсіндер тұрғызылған. Қаланы безендіруге кәсіпкерлер мен жалынды жастар атсалысты.
Кәсіби-педагогикалық колледж студенті Виталий Фадеев курстастарымен бірігіп, қаланы безендіруге білек сыбана кірісіп кетті. Олар жасаған ойыншықтар мерекеге әр беріп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Виталий Фадеев, студент:
Мына аққаланы мен достарыммен бірге әзірледім. Дюралайтпен де өзіміз әсемдедік. Сонымен қатар, аю, шырша, елік секілді түрлі ойыншықтар жасадық. Ең бастысы, қажет материалдар бар, қалғанын бәріміз бірге дайындаймыз.
Қаланың орталық алаңдары ғана емес, шеткері аудандары да мереке қарсаңында өзгеріп сала берді. Қазынадан бір тиын бөлінген жоқ. Жергілікті кәсіпкерлер қала тұрғындарына ерекше тарту жасады.
Евгений Глотов, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
Осы жылы облыс әкімінің бастамасымен жаңажылдық мерекелерге қарсы қаланы безендіру бойынша бізге білім беру мекемелері өз көмектерін ұсынды. Атап айтқанда, колледждердің студенттері мен оқытушылары әдемі бұйымдардың 100 данасын жасап шықты.
Арқаның сақылдаған сары аязына қарамастан, балалар мұз қалашықта мәре-сәре.
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Биыл ғана емес, былтыр да жаңажылдық безендіруге жергілікті бюджеттен қаржы жұмсалған емес. Ескі шыршаға ескі ойыншақтар ілінеді. Бірақ, ескі деп есіркеген ешкім жоқ. Керісінше, қаланы өздері көріктендірген тұрғындардың көңілі шат.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.