Алматыда «EXPO Russia-Kazakhstan-2014» көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «EXPO Russia-Kazakhstan-2014» көрмесі ашылды

11.06.2014
 Алматыда «EXPO Russia-Kazakhstan-2014» көрмесі ашылды
Кедендік одақ кеңістігінде жанданған кәсіпкерлік енді Еуразиялық экономикалық одақ аясында ілгерілей түспек.
 
Бүгін Алматыдағы V «EXPO RUSSIA KAZAKHSTAN» ІІІ бизнес-форум көрмесінің аясында да бас қосқан кәсіпкерлер осылай дейді.
 
Тараптар экономикалық интеграция аясында кәсіпкерлер ісінің еркін дамуына жағдай жасалатынын айтып, сауда-саттық жайын талқылады.
 
Санктпетербургтік кәсіпкер - Артем Скорбов қазақстандық әріптестеріне құралақан келген жоқ. Құны - 36 мың еуроны құрайтын құрылғыны алып келді.
 
Бағасы қымбат болғанмен, құрылысшылар жұмысын жеңілдетеді. Құрылыс материалдарын артып жіберсеңіз болғаны, 120 метр биіктіктегі қабырға сылап жатқан құрылысшыға жеткізеді.
 
Артем Скорбов, «Миксокрет» ЖШС техникалық директоры:
Өзіңіз көріп тұрған инновациялық технологияларды үш ел кәсіпкерлері тек көрмеде ұсынып қана қоймай, енді жетістіктерге жұмыла қол жеткізе аламыз. Кәсіпкерлерді абыржытқан кедендегі қағазбастылық жойылып, көлікті өткізуге жұмсалған шығын азаяды. Одақтың тиімділігі де осында.
 
Бүгінгі көрме алаңында Ресейдің 200-ге жуық компаниясының өнімдері таныстырылды. Кәсіпкерлер экономиканың әр саласында емін-еркін келіссөздер жүргізіп, ортақ істерге тоқталды.
 
Бірлесіп интернет сауданы дамыту жолдарын қарастырды. Кедендік одақ аясындағы кедергілерді қайталамау төңірегінде пікір алмасты. 
 
Мұхтархан Бияров, ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті:
Қазақстанда сәйкестік сертификатын беретін зертханалардың жетіспеуінің себебінен қазақстандық кәсіпкерлердің тауарлары тұрып қалған жағдай болды. Сол сұрақтар  техникалық реттеу және метрология комитетінің араласуымен шешімін тауып жатыр. 
 
Александр Русецкий, Қазақстандағы Беларусь Республикасы Елшілігі Алматы бөлімшесінің кеңесшісі:
Еуразиялық экономикалық одақ қағидаттарына сәйкес, шағын және орта бизнес өкілдері әр елдің мемлекеттік сатып алуларына тең құқылы қатыса алады. Қазір Беларусьтің  100-ге жуық компаниясы осында жұмыс істеуде. Оларға одақ аясында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Биылғы жылдың көрсеткішінде - Беларусьтің Қазақстанға экспорты - 12,5 пайызға, Қазақстанның Беларусьқа экспорты 30 пайызға артқан. 
 
Қазір әлем бойынша экономикалық интеграцияға негізделген 300-ге жуық одақ бар. Тәжірибе көрсеткендей, жұмыла әрекет еткеннен, ешкім де ұтылмайды. Қазақ Үкіметі де отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, бәсекеге төтеп берудің барлық амалын жасауда.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу