«Тау самалы - жан самалы». Түркістан облысында осындай атаумен қысқы спорт түрлерінен фестиваль өтті. Оны тамашалауға келген көпшілік бұл күні таудың саф ауасымен тыныстап, фристайл, шаңғы тебу, мәнерлеп сырғанау, хоккей ойындарын қызықтады. Аспалы арқан жолмен тау баурайын аралап, сейіл құрды. Фестиваль өңір табиғатының туристік әлеуетін таныту мақсатында ұйымдастырылды.
Маржан - шаңғымен сырғанайтын кәсіби спортшы. Биыл Швецарияда өткен Еуропа кубогында екінші орынды иемденді. Олар табиғат аясында ұдайы сырғанауға мүмкіндік болмайтындықтан, көбіне жаттығуды жабық спорт кешендерінде өткізеді. Батутта секіріп, шынығады. Бұл жолы Алатау сілемдерінің жоталарында шаңғымен жүйіткіп көрген ол кешен тек әуесқойлар ғана емес, кәсіби спортшылар үшін де аса ыңғайлы екенін айтты.
Маржан Ақжігіт, фристайлшы:
- Шаңғы базасы маған өте ұнады. Осы жерді әрі қарай дамыта берсе деп ойлаймын. Осы жерге келіп, шаңғымызбен трамплиннен секіріп, жаттықсам деп ойлаймын.
Фестивальде сондай-ақ, хоккейші жеткіншектердің ойын шеберліктері де жұртты тәнті етті. Кейінгі кезде күнгейде спорттың бұл түрі де ерекше дамып келеді. Аймақ табиғатының әсемдігімен де демалушыларды өзіне баурап алды. Жас суретшілердің қылқаламмен бедерлеген табиғат пейжаздары әсерлі сезімдерге бөледі. «Алатау» әзірге түстіктегі шаңғы тебуге арналған бірден-бір орын. Теңіз деңгейінен 1400 метр биіктікте орналасқан. Жалпы, Төле би ауданының әсем табиғатын қызықтауға биылдың өзінде 28 мыңға тарта саяхшы келді.
Жасұлан Төлебеков, облыстық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының орынбасары:
- Біріншіден, осы атқарылған іс бойынша бизнес өкілдерін оқыттық. Екіншіден, шетелдік көрмелерде туристік әлеуетімізді көрсеттік. Үшіншіден, кіру туризмі бойынша бизнес өкілдерін тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
«Алатау» тау шаңғы базасы бір мезетте 3 мыңдай адамға қызмет көрсете алады. Ал, көктем және жаз айларында келушілерге атпен серуендейтін мүмкіндік жасалған. Енді ауданда осындай тағы бір шаңғы тебу орнын салынбақ. Әлемдік деңгейге сай келетін «Қасқасу тау-шаңғы» курорттық базасында қазір инфрақұрылым жүргізу жұмысы басталып кетті.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.