Елордалық жүргізушілер аязда тұрғындарды үйлеріне тегін жеткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық жүргізушілер аязда тұрғындарды үйлеріне тегін жеткізді

28.12.2018

Астанада такси қызметі тегін. Суық күндері жүргізушілер тұрғындардан ақша алмай, үйлеріне жеткізіп салып жатыр. Ал, кәсіпкерлер жұмысқа мүмкіндігі шектелген азаматтарды қабылдауда. Соңғы кезде жанды жадыратар осындай ізгі істердің қатары көбейіп келеді. Шарапатты шаралардың бірде-біреуі пиар да емес, басшының да бұйрығы емес. Тек жақсылық жасауға асыққандардың қарапайым әрекеттері. Солардың бірқатарына жыл соңында тоқталып өтуді жөн санадық. 

Бұл екі бойжеткен ауруханада жатқан балалардың туысы да емес, ем-дом көрсетіп жүрген дәрігер де емес. Мүлдем бейтаныс жандар. Бірақ, мұнда оларды танымайтындар кемде-кем. Өйткені, екеуі бұл жердің тұрақты қонақтары. Екеуі онкологиялық ауруға шалдыққан сәбилерге күлкі сыйлап жүрген, ата-аналарының жабырқаулы көңілдерін сергітіп кететін клоун-қыздар. Әрі бұл жұмыстары үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Тек қайырымдылық үшін тегін тер өгіп жүр.  

Гүлден Наурызым, Астана қаласының тұрғыны: 

- Онкологиялық ауруларға ұшыраған балаларға келіп, қандай да бір демеу көрсетеміз. Олардың жабырқаулы көңіл-күйлерін аулаймыз. Олардың күлкілерін, жүздерін көрген кезде жылы сезім ұялайды. Бұл өте керемет сезім. 

Ал, астаналық кәсіпкердің қарамағындағы жұмысшылардың барлығы – мүмкіндігі шектелгендер мен темір тордан бостандыққа шыққан азаматтар. Қоғамда тап осы санаттағы жандардың жұмысқа орналасуы аса қиын. Осыны ескерген кәсіпкер 34 адамды еңбекке тартыпты.

Айнаш Тұяқова, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен сияқты мүгедектерге жұмыс ұсынып отырған осындай азаматтарға үлкен рахмет. Көбіне мүгедектер жұмыс істейді. Ортамыз өте жақсы.

Астаналық жүргізушілердің бір тобы тұрғындарды діттеген жерлеріне тегін тасып жүр. Аязды күндері ақшаны еселеп табуды емес, сауапқа еселеп кенелуді көздегендер көбейіп келеді. 

Бақытжан Шойбеков, Астана қаласының тұрғыны:

- Кеше бір кісілерді отырғыздық. Отырыңыз, тегін такси десек, таңқалады. Олар кулинариядан жұмыс істейді екен. Бізге түсіп бара жатып, пакеттерін беріп, жасаған жақсылықтарыңызға рахмет деді. Сондай қуанышты сәттер көп болды.

Мұндай ізгілікті істерді тізе берсек көп. Әркім әрқалай қолұшын созып жатыр.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

- Иә, жақсылықтың үлкен, кішісі болмайды. Қайырымдылық – қайырлы іс. Бүгін өзіңіз де елемеген кей ісіңіз, ертең бәлкім алдыңыздан үлкен нәтижесімен қайтар. Қамқорлық көрсетілген сайын біреуге көмектескен сайын ізгілік пен шапағат, мейірім еселеніп оралады екен. Ендеше Сіз бен біз де қайырымдылықтың көшіне ілесейік.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу