Қазір кәсіпорын қоғамдық көліктердің 5 түрін шығарады. Енді жақында табиғи газбен жүретін, экологияға зиянсыз автобустарды да құрастырмақ ниетте.
Оңтүстік Кореядан бөлек, отандық кәсіпорын Қытай, Беларусь және Ресеймен де әріптестік орнатқан.
Мына қаз-қатар тізіліп тұрған автобустар - түгелдей отандық өндірістің жемісі. Корейлік маркадағы сапалы автобустардың қала ішінде, таулы аймақтарда жүретін түрлері бар. Енді зауыт газбен жүретіндерін де құрастырады.
Марат Мәкішев, «Daewoo bus Kazakhstan» ЖШС Бас директорының орынбасары:
Қазір табиғи газбен жүретін автобустарды шығаруға дайындық жасалып жатыр. Кореядан қозғалтқыштарды алып келдік. Маусым, шілде айларында автобустарды Алматы қаласына жөнелте бастаймыз. Ол жақтан 50 қоғамдық көлікке тапсырыс беріліп, біздің зауытпен келісімшарт жасалды.
Семей автоқұрастыру зауытының өнімдеріне мұнай-газ саласында жұмыс істейтін отандық компаниялардан тапсырыс көп. Жалпы, кәсіпорын жылына 200-250 автобус шығаруды жоспарлауда.
«Бұл толық қуаты емес. Егер тапсырыс арта түссе, 1200-ге дейін жасау қиындық тудырмайды»,дейді мамандар. Қоғамдық көліктен басқа Ресеймен әріптестік негізінде «Урал» жүк көліктері де жасалып жатыр. Ресейде құрастырылатындарынан еш кем түспейтін техниканың сапасында мін жоқ.
Вячеслав Николаев, инженер-технолог:
Челябі облсына барып үйреніп келдік. Қазір өзіміз құрастыруды толыққанды меңгердік. Көліктердің сапасы өте жоғары. Осы кезде әскери мақсатта, төтенше жағдайларда қолданылатындарын жасап жатырмыз.
Автоқұрастыру зауыты дамыған сайын техника түрлерін көбейтіп келеді. Өткен жылдан бастап Қытайдың «Шахман» ауыр жүк көліктерін де жасауды қолға алды.
Биыл 1500-ін шығару жоспарланса, келер жылы санын екі есеге дейін ұлғайтпақ. Сондай-ақ, зауыт Беларусь тракторларының 9 түрімен еліміздің ауылшаруашылық саласын қамтамасыз етпек.
Ержан ЖАҚЫП