Астана әкімдігі қаладағы газ сақтау резервуарларын тексере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана әкімдігі қаладағы газ сақтау резервуарларын тексере бастады

04.01.2019

Астана қаласындағы көпқабатты үйлердің көбісінде газдан қауіп бар. Әсіресе, кеңестік кезеңде тұрғызылған үйлердегі газ құбырлары ескірген. Ресейде болған қайғылы жағдайдан кейін мамандар шұғыл тексеру жұмыстарын бастады.

Кеңестік кезеңде тұрғызылған үйлердің бірі - осы. Кемінде 40 жыл болған. Сәйкесінше, құбырлары да қырық жамау. «Жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, газ құбырлары бірде-бір рет айырбасталмаған», дейді сарапшылар.

Бұл бір ғана үйге тән проблема емес. Астанадағы ондаған, тіпті жүздеген көпқабатты үйлердегі ортақ көрініс. Газ өтетін құбырлардың тозығы жеткен. Сырттағысына алаңдауға негіз жоқ болғанымен, дәліздің ішіндегі, пәтердегі құбырлардағы мұндай ақаулардан төнетін қауіп көп.

Федор Мордвинкин, тәуелсіз сарапшы:

- Шүмектен газ сыртқа шығып жатқанын көрдік. Бұл дұрыс емес. Мұны дер кезінде айырбастау керек.

Көршілес елдегі кешегі қайғылы оқиғадан соң, мамандар дереу тексеріске кірісті. Астана қаласында жалпы 1080 үй осындай газбен қамту жүйесіне қосылған. Пәтер саны 8 мыңға жуық. Алайда, газ желісінің құрылысымен айналысатын, яғни, жөндеуге келетін ұйымдардың өзіне күмән басым.

Төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған рейд бір айға жалғасады. Алайда, кемшіліктер анықталған жағдайда мамандар ешқандай жаза қолдана алмайды, тек жазбаша ескерту жасаумен ғана шектеледі. Себебі, заңның талабы осындай.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу