Алматы облысы Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық аумағында «Ой-Қарағай» тау-шаңғы кешені ашылды. Алып Алатаудың құйқалы баурайындағы қысқы туризмді дамытуға арналған жоба Елбасының тапсырмасымен қолға алынған. Сондықтан, жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, қысқа уақыттың ішінде халықтың игілігіне жарайтын нысанды қолданысқа берді. Жалпы, бұл демалыс орны өңірге не береді, елімізге қандай пайдасы бар?
Өңір тұрғындары үшін ғана емес, еліміздің туризмі үшін де аса маңызды тау-шаңғы кешенінің салтанатты ашылауына облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келіп, шаңғы жолдарының сапасын өзі тексеріп көрді. Өйткені, облыс көлемінде мұндай тау-шаңғы кешендері көп емес. Енді міне, олардың қатары айналасы бір жылға жетпей тағы бір үлкен кешенмен толықты.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:
- Өткен жылы Елбасы облысқа келгенде шаңғы тебетін курорт салу жөнінде тапсырма берген.
Біз өз жағымыздан жол тартып бердік. Газ келді, электроқұжаттарына көмектесеміз.
«Ой-Қарағай» тау-шаңғы кешеніне отандық инвестор 30 млрд. теңге қаржы құйған. Қазір шаңғы жолының ұзақтығы - 13 шақырым. Шатқалдың құзар шыңына жеткізетін 4 шақырымдық екі аспалы жол орнатылған.
Ерлік Балфанбаев, инвестор:
- Көпшіліктің көмегімен мерзімінен бұрын қолданысқа бердік. Дегенмен, әлі де халықаралық стандарттарға сай жабдықтайтын тұстары бар. Шетелдік туристерді көптеп тартып, қысқы туризмді дамыту үшін шаңғы кешенінің қызмет көрсету сапасын бұдан да жақсарта түсеміз Кешешекте шаңғы жолын 40 шақырымға жеткізуді мақсат етіп отырмыз.
Ой-Қарағай шатқалындағы демалыс орнына алғашқы күннің өзінде 3 мыңнан астам адам келді. Олардың арасында шетелден келген туристер де бар. Осы себепті шетелдік саяхатшыларды ақпараттандыру жұмысы күшейтілмек. Ал, еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар «демалыс орнының қызмет көрсету құны салыстырмалы түрде басқа орталықтардан арзан, әрі қолжетімді», дейді. Сәйкесінше, қызмет көрсету сапасы да анағұрлым жоғары.
Жалпы, Алматы облысы туризмі түлеген өңір. Себебі, Алатаудың тұмса табиғаты қыста да, жазда да жайлы дамалыс өткізуге өте қолайлы. Оған қоса, облыс көлемінде халықаралық тарихи маңызды кешендер көп. Атап айтсақ, өткен жылы Алакөлге 1 млн. турист келсе, Шарын шатқалы, Таңбалы ғұрыптық кешені, Көлсай көлдеріне келген туристерді қоса есептегенде, Жетісу жеріне 2 млн. адамның табаны тиген. Ал, «Ой-Қарағай» тау-шаңғы кешені осындай маңызды орындардың қатарын толықтырды. Енді өңірде қысқы туризмді дамытып, туристердің санын 4 млн-ға жеткізу көзделіп отыр. Сондықтан, болашақта Алатау баурайындағы шаңғы жолдарының қашықтығын 200 шақырымға жеткізу жоспарланған.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.