2018 жылы елімізде жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2018 жылы елімізде жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза болған

09.01.2019

2018 жылы елімізде жол-көлік оқиғасынан 2 мыңнан астам адам қайтыс болды. 20 мыңнан астамы жарақат алды. Сандарды мысалға келтірген Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Ішкі істер министрінің атына сауал жолдады. Осы оқиғалардың кесірінен Қазақстан Тәуелсіздік жылдары 82 мыңға тарта адамды жоғалтты, ал, зардап шеккендер жарты миллионға жетіпті. Депутат қалыптасқан жағдайды кешенді түрде шешу керектігін айтып, шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.

Павел Казанцев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жол-көлік оқиғаларының көбісі көліктегі ақау немесе жол инфрақұрылымы жағдайына байланысты емес. Жолдағы апаттың басым бөлігі жол қозғалысындағы адамдардың, жүргізушілердің кінәсінен. Бұл өз кезегінде барлық аварияның 95 пайызын қамтып отыр.

Казанцевтің әріптесі Артур Платонов болса, Магнитогорск қаласында тұрғын үйдегі жарылыстан соң елімізде қауіпсіздікке назар аудару қажет деді. Мәселен, жаңа жылдың алғашқы күндері Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты жатақханаға жақын жерде газ толтырылған цистерна жарылған. Жалпы, былтыр осыған ұқсас 80 төтенше жағдай тіркеліпті. Оның тең жартысы газ балонынан. Ең өкініштісі, бұған ешқандай бақылау жүргізілмейді.

Индира БЕГАЙДАР 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу