Көмірдің 40 пайыздан астамы Екібастұздың айналасындағы кеніштерде өндіріледі. Соған қарамастан Павлодар облысындағы бірқатар елді мекендер қара отынға зәру. Тіпті, көмір болмаған соң, тұрғындар тоғайдың ағашын отауға кіріскен. Осыдан кейін Орман қорғау қызметі бақылауды күшейтті. Ал, көмір тасымалдаушылар ауыл-аймаққа отынды жеткізуге жергілікті полиция кедергі келтіруде деп наразылық білдірген еді.
Көмір шалғай ауылдарда ғана емес, қаланың іргесіндегі Қызылжар ауылында да жоқ. Жұмабай Қасенұлы отынды көршілерінен қарызға шелектеп алып жүрген. Күнде сұрау ыңғайсыз дейді.
Жұмабай Әбәйілдинов, ауыл тұрғыны:
- Бір апта ағаш жағып отырмын. Көмір жоқ. Ал, мынау менің көмір сақтайтын жерім. Тақырлып тастадым. Көріп тұрсыздар. Көмір таситын жігіттерге тапсырыс бергенмін, кеткелі 4-5 күн болды, жоқ. Жолда оларды қарақшы ұстай ма?! Кім бөгет екенін түсінбеймін. Мұндай жағдай бұрын болмайтын.
Тасымалдаушылар екі аптадан бері ауыл-аймаққа көмір жеткізе алмай абыржулы. «Себебі, жергілікті полиция бөгет жасап отыр», дейді.
Мектепхан Қали, жүк тасымалдаушы:
- Бұрын жол ережесін бұзған жағдайда тоқтататын. Қазір көмірге баруға кедергі жасап, көрінген нәрсені сылтау қылып тоқтатады. Көмір әкелу қиын болып жатыр. Шахтаның басында да тұрады. Себепсізден құжат тексеріп, нөмірлерді шешіп жатқан жағдай бар.
Ал, жергілікті полиция қызметінің бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар.
Равиль Хасанов, жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:
- Павлодар облысы жолдарының 70 пайызы жөнделген. Шамадан тыс жүк артқан көліктер соны бүлдіріп жатыр. Оның үстіне апаттық жағдайлардың туындауына себепші болады. Сондықтан, біз транспорттық бақылау инспекторларымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.
Көмір қат болған соң, баға көтерілді. Мәселен, Майкөбе кеніші көмірдің әр тоннасын 7,5 мың теңгеден саудалап жатыр. Ауылдағы жұртқа екі есе қымбатқа сатылады.
Бәтимә Шаймарданова, ауыл тұрғыны:
- Біз қалаға жақын тұрамыз. Жақын тұрғанмен, көмір қымбат. 14 мың теңге. Ал, ауылдық жерлерде 16-17 мың теңге дейді. Сұмдық.
Дәмежан Жұмадірова, ауыл тұрғыны:
- Көмірді әкімшілік «жазда ал», дейді. Жазда алмаймыз. Жазда алсақ, ол жанып кетеді, үгіліп отқа жағуға жарамай қалады. Сосын қыста аламыз.
Ағаштың бағасы да аспандап кетті. Жұрт тоғай жағалап, енді отын теруге мәжбүр.
Жотай Шаймарданов, ауыл тұрғыны:
- Міне, көмір жоқ болғалы ағаш алатын болдық. Текше метрі былтырлары 4-4,5 мың болатын. Биыл 7,5 мың теңге болып кетті. Екі текше метрсіз болмайды. Екеуі 15 мың теңге, көмірден қымбат.
Отын тапшылығы басталғалы бері орман қызметкерлеріне де тыным жоқ.
Фархат Сыздықов, Орманды қорғау инспекциясының бөлім басшысы:
- Жақында ғана отын ұрлау барысында көлік ұсталды. Заңсыз ағаш кесу фактілерінің 80-90 пайызы отын ұрлаушылар. Осыған байланысты қазір инспекция мамандарымен күзеттік шаралар күшейтілуде.
Әзірге ауа райы жайлы болып тұр. Дегенмен, қаңтар мен ақпан айларында арқаның аязы салтанат құрады. Ауылдағы ағайын оған дейін мәселе шешіледі деп үміттенеді.
Болат АМАНБАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.