Елімізде мемлекеттік сатып алудың тәртібі өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде мемлекеттік сатып алудың тәртібі өзгерді

09.01.2019

Жаңа жылдан бастап күшіне енген заң бірінші кезекте тауарлар мен қызмет түрлерінің сапасын арттыруды көздейді. Сондай-ақ, тапсырыс беруші мен жеткізуші компанияның арасындағы қатынасты реттейді.

Мемлекеттік сатып алу төңірегінде әлі күнге дейін түрлі келеңсіздіктер мен дау-дамайлар туындап келеді. Министрліктер, әкімшіліктер, алпауыт ұлттық компаниялардың тапсырысты қабылдап алудағы мәселелері өз алдына. Тіпті мұндай проблемаға мектептер мен ауруханалар да ұшырап жатқаны мәлім.

Ербол Мәндібек, тілші:

- Мысалы, бір мектеп степлер мен маркерге мемлекеттік тапсырыс береді. Сөйтіп, тауар жеткізіліп, қорапты ашқан кезде оған көңілдері толмай қалады. Себебі, жеткізуші компания арзан әрі сапасы нашар затты әкеліп береді. Оның арты бітпес дауға ұласады. Мемлекеттік сатып алудағы өзгерістің бірі осы мәселені реттемек. Жаңа талап бойынша тапсырыс беруші мекеме тауардың фирмалық атауын өзі белгілеп береді.  

Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры:

- Фирмалық атауға жазуға тек 2,5 миллионнан аспайтын заттарға ғана мүмкіндік беріледі. Одан жоғары тұратын тауарларға фирмалық атау қоюға шектеу қойылған. Біз неге ондай арзан тауарларға мүмкіндік бердік? Себебі, өзіңіз білесіз, халықтың жартысы ауылда тұрады, олардың сатып алатын заттары қымбат емес. Ең басты мәселе, сапаны жоғарылату.

Тағы бір өзгеріс. Биылдан бастап мемлекеттік сатып алулар веб-порталы бизнес үшін ақылы болады. Осы уақытқа дейін порталдың жылдық шығынына қазына қаржысынан 2 миллиард теңге жұмсалыпты. Енді ол шығынды кәсіпкерлер өздері төлейді. Шағын, орта және ірі бизнеске әртүрлі тариф енгізілген. «Электрондық коммерция орталығы» Басқарма төрғасының орынбасары Дархан Біржановтың айтуынша, жаңа жылдан бері еліміз бойынша 5 мың кәсіпкер ақысын төлеп, порталдың қызметіне жүгінген.        

Дархан Біржанов, «Электрондық коммерция орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:

- Порталдың өзіндік шығындары бар. Мәселен, серверлік аппараттарды орналастыру, дискілер істен шықса, оларды жаңарту мен техникалық қолдау көрсету. Одан соң, портал тұтынушыларына үздіксіз қызмет көрсететін орталықты қаржыландыру және инженер мамандарға жұмсалатын шығындар. Осының барлығын бизнес өзі өтеуі керек. Осы мақсаттарға жұмсалып келген мемлекет қаражаты енді басқа әлеуметтік бағыттарға жіберіледі. Ресей мен Беларусь те осы тәртіпке көшті.   

Жаңа өзгеріске сәйкес, бір көзден сатып алудың үлесі қысқартылды. Мұны мамандар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жасадық деп түсіндірді. Осылайша, мемлекеттік сатып алудағы жаңа өзгерістер негізінен үш мәселені қамтыды. Біріншісі тауарлардың сапасын арттыру, екінші ашықтық, үшіншісі әділ бәсекелестік орта қалыптастыру.

Ербол МӘНДІБЕК  

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу