Семейде тұрғындар жылу ақысын қымбат төлеуге мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде тұрғындар жылу ақысын қымбат төлеуге мәжбүр

10.01.2019

Ел көлемінде коммуналдық төлемдер арзандап жатқан тұста, семейліктер керісінше, жылу ақысын бірнеше есе қымбат төлеуге мәжбүр. Наразы жұрт арыз-шағымын айтып, талай табалдырықты тоздырған. Алайда, шара қолданылар емес. Амалы таусылған тұрғындар араша сұрап, Ұлттық арна тілшілеріне жүгінді.

Семейлік тұрғын, батыр ана Күлзада Дүйсенбайқызының айтуынша, онсыз да жамап-жасқайтын жері көп бұл үйде биыл жағдай тіпті ушығып тұр. Өйткені, екі ай қатарынан жылу ақысын қымбат төлеуіне тура келген.

Күлзия Дүйсенбайқызы, қала тұрғыны:

- Қазан айында мен 2 мың теңгеден астам қаражат төледім, 15 күнге. Ал, қарашада 15 мыңнан асты.

120 пәтерлі үй тұрғындарының бәрінің базынасы бұл. Жылумен қамтитын мекемеге де хабарласқан. Әкімшілікке де сан рет арызданған.

Сәуле Жұмабаева, қала тұрғыны:

- Бұл әділетсіз ғой. Елбасы «тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан құзырлы органдарға төлем азайсын» деп еді. Ал, бізде керісінше.

Көпшілікті мазалаған мәселе бойынша белгілі болғаны - үйдің жылу есептегіш құралы былтыр істен шыққан. Алайда, оны ауыстыру үшін жаз бойы үйге қарайтын жауапты серіктестік халықтан ақша жинаған. Тұрғындардың айтуынша, 400 мың теңгеден астам қаражатты қолдарына ұстатқан. Серіктестік өкілі бұған қатысты мардымды жауап бере алмады.

Мұрат Мақұрсанов, ЖШС өкілі:

- Мен нақты қанша қаражат жиналғанын білмеймін. Оны санаған жоқпын.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мамандары да жылу үшін қымбат төлеп, қалтасы қағылған жұрттың шағымын енді естідік деп отыр.

Құралай Дүйсенбаева, ТҮКШ бөлімнің сектор меңгерушісі:

- Бүгін ғана айтып отыр. Енді ғана басшылыққа жеткізілді. Осы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесін ол кісілерге тағы да хабарлаймыз.

Тағы 4 ай жылу ақысын қымбат төлеуге қарсы жұрт қол қусырып отыра бермеуге бекінген. Есептегіш құралға ақша жинап, оны уақытылы ауыстырмаған серіктестікті сотқа бермек.

Ержан ЖАҚЫП

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу