«7-20-25» бағдарламасымен жастардың баспаналы болуына жағдай жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«7-20-25» бағдарламасымен жастардың баспаналы болуына жағдай жасалады

11.01.2019

Жастар жылында жастардың баспана мәселесіне баса мән беріледі. Қазір Қоғамдық дамыту министрлігі арнайы «Жол картасының» жобасын әзірлеп жатыр. Құжат жастардың нақты бес өзекті мәселесін қамтиды. Ең алдымен, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бүкіл қазақстандық жастардың баспаналы болуына тиімді жағдай жасалады. Яғни, әр өңірдегі әл-ауқат ескеріліп, ипотеканың шарттары әртүрлі болады. Екіншіден – сапалы білім. Осы ретте мемлекеттік гранттардың саны көбейтілмек. Отбасылық құндылықтар да - басым бағыттардың бірі. Алдағы уақытта елдегі 30-дан аса дағдарыс орталығы жастарға тегін қызмет көрсетуі мүмкін. Сондай-ақ, әр аймақтағы жастар сарайларын қолжетімді ету және салауатты өмір салтын насихаттау да өзекті бес мәселелер сапында. Айта өтейік, Президент бастамасымен 2019 жыл – Жастар жылы болып жарияланып, тиісті қаулы да қабылданған еді.

Асхат Оралов, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары:

- Біз әр санаттағы жастарға арналған мемлекеттік қолдау шараларын енгіземіз. Бізде қазір жастар - 14-28 жастағылар. Ол мектеп оқушылары, студенттер, жұмыссыз жастар. Бізде жұмыс істемейтін, не сабақ оқымайтын, не еш тренингке қатыспайтын жастардың санаты бар. Осы санаттағы жастарды әлеуметтендіру процесстерін іске асыру бойынша біраз жобалар қолға алынады.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу