Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша екінші орында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша екінші орында

11.01.2019

Қазақстан әлем бойынша ажырасудан екінші орында. Демек, отбасын құрған әрбір үшінші, тіпті екінші некенің соңы сәтсіз аяқталып жатыр. Соның салдарынан мыңдаған бала «тірі жетім» қалуда. «Бұған себеп, әдеттегідей, жастардың отбасы ұғымына жауапкершілікпен қарамауы», - дейді мамандар.

Түрін де, есімін де жасырған кейіпкер - екі баланың анасы. Ұлы, қызы да бар, бірақ, отбасында береке жоқ. 9 жыл отасқан күйеуі екі күннің бірінде баларының көзінше, ащы суға тойып келіп, еш себепсіз таяқтың астына алады екен. Шарасыз әйел «ажырасудан басқа амалым қалмады», дейді.

Астана қаласының тұрғыны: 

- Күйеуім ұрады. Ал, өзі басқа біреуге кетіп қалды. 7 жыл бойы қайталанып келе жатқан әдеті. Шыдамым таусылды. Ұрыс-керісті күнде көрген балаларымның психологиясы бұзылып жатыр. Сол себептен ажырасамын.   

Ал, павлодарлық келіншек 4 баласымен «Аналар үйін» жағалап жүр. Кенжесі бір жасқа да толмаған. Айтуынша, күйеуі күн көрсетпейді.

Мұндай оқиғалар елімізде өте көп. 2015 жылы 148 мың жұп тіркелсе, олардың 53 мыңы көп ұзамай некелерін бұзған. Салдарынан, 500 мыңға жуық сәби «тірі жетім» атанды. Ал, ең қорқыныштысы, 4 жыл бұрын әрбір үшінші жұптың некесі сәтсіз аяқталса, қазір әрбір екінші отбасының шаңырағы шайқалуда. Әсіресе, Қазақстанның солтүстік өңірлерінде мәселе өзекті. Павлодар облысы көш бастап тұр. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында да жастардың отбасылық жауапкершілігі төмен. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Батыс Қазақстан аймақтарында да ажырасу көп.    

Іңкәр Тұрсын, Қоғамдық даму министрлігінің басқарма сарапшысы:

- Біріншіден, тұрғын үймен қамтамасыз ету, екіншіден, ақшалай табыс көзінің дәрежесінде есептеуге болады, үшіншіден, алдын ала отбасылық өмірге дайын емес екендіктерін көрсетеді.

Осындай сылтаулармен мыңдаған баланың тағдыры таразыға түсуде. «Түптеп келгенде мәселенің ушығуына тал бесіктен басталатын тәрбиенің осалдығы себеп», - дейді мамандар. Ал, заңдық тұрғыда некені сақтап қалудың тетіктері жетілдіріліп жатыр. Қазір елде «Отбасылық сот» деген пилоттық жоба басталды. Бастама ажырасуға келген жастарды райынан қайтаруға бағытталған.

Жанаргүл Алпысбаева, Астана қаласының Кәмелетке толмаған істері жөніндегі сотының судьясы:

- Бітімгершілік мәселесі, медиациямен татуластыру қаралуда. Яғни, судья істі қабылдап алғанда тез ажырасуға жағдай жасамай, психологиялық, әлеуметтік маманның барлық көмегін көрсетуі керек. Өйткені, ол отбасыларда балалар бар. Пилоттық жобаның нәтижелері бар. Қаншама отбасыларды сақтап қалып жатырмыз.

Қалай дегенмен, ажырасу абырой емес, мемлекет үшін қауіпті індет. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, шаңырақтың шайқалмауына қоғам болып үлес қосқан абзал. Мамандардың ортақ ойы - осындай.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу